KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
516.13 538.01 5.29

Алтай қаласының су тасқынына дайындығы пысықталды

15.03.2024, 09:00 102 Оразай Жеңісұлы

ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов жұмыс сапары барысында Алтай қаласындағы стационарлық көмек ғимаратына барды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудандық аурухананың ғимараты сонау 1956 жылы салынған. Ғимараттың екінші және үшінші қабаттарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр.

Нысанның шатыры, жылыту және кәріз жүйелері, жарықтандыру, желдету желілері жөнделеді, есік-терезелері, едені, қабырға панельдері ауыстырылады. Болашақта мұнда МРТ аппараты сатып алынбақ.

Сонымен қоса арнайы жұмыс комиссиясы орталық жылу пункті желісінің бақылау аспабының жұмысымен және Алтай қаласының автоматты жылумен қамту жүйесімен танысты. Жылу пункттерін қайта құру жобасы бойынша сараптама алуды жеделдету ұсынылды. Бүгінгі таңда қалада осындай 16 пункт бар. Олардың көбі жөндеуді қажет етеді.  

Облыс әкімі орынбасарының Алтай ауданына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кеңес өтті. Онда назарға алынған басты мәселе - өңірдің барлық қызметтерін көктемгі су тасқынына дайындау.

Қазір ауданда су тасқынына қарсы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Өңірдегі қардың қалыңдығы - 116 см. 

Тасқынының алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қаланың және ауылдардың көшелеріне мониторинг жүргізілуде. Жеке сектордағы көшелердің қары шығарылып, су ағатын кәріздер тазаланып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары тасқыннан келер қауіпті азайту үшін бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, өзен-сулардың деңгейін бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, барлық су бұру арналарын, су өткізгіштер мен арықтарды 1 сәуірге дейін тазарту қажет.

Әсіресе әлеуметтік нысандарға апаратын кірме жолдарды қардан уақтылы тазалауға ерекше назар аударылды.

Бақытжан Байахметов биыл ШҚО-да Жол жылы деп жарияланғанын еске салды. Сондықтан жолдар мен көшелерге орташа жөндеу жүргізу үшін ведомстволық сараптама алуды жеделдетуді тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу