ШҚО тұрғындарына МӘСҚ саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірілді
Фото: alataugazeti.kz
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында азаматтарды міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, өз құқықтары туралы хабардар ету мақсатында ашық есік күні өтті.
Оған медициналық ұйымдар мен мектептердің, басқа да мекемелердің бухгалтерлері қатысып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық филиал директоры Нұрлан Қыстаубаев міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы қысқаша ақпарат берді.
2005 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген. Жүйе жұмыс істеген жылдары елімізде оған қатысушылар саны шамамен 7 млн адамға жетті, ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 255 мың адам.
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 35,3 мыңға жуық адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 23,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды. Өңір бойынша төлемдердің 90%-ы ана мен баланы қолдауға жұмсалды.
Былтыр қордан өңірдегі 7,3 мың болашақ анаға біржолғы төлем ретінде 11,8 млрд теңге төленген. Мамандардың түсіндіруінше, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.
Сонымен қатар аталған кезеңде облыста 14,9 мың адамға бала күтіміне байланысты кірісінен айырылғандықтан Қордан 8,1 млрд теңге әлеуметтік төлем төленді. Балаға ақылы күтім кезеңі 2023 жылдың қаңтарынан бастап бір жылдан бір жарым жасқа дейінгі ұзартылғаны белгілі.