KZ
Өскемен
туман жел 3 м/с, ОБ
495.2 522.34 4.94

Зайсанда Жеменей өзенінің арнасын кеңейтіп жатыр

Фото: Ермек Иманғазиев
Фото: Ермек Иманғазиев
14.04.2024, 13:10 712 Серік Әбілхан

Зайсан ауданында су тасқынының екінші толқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгін жергілікті атқарушы биліктің өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, коммуналдық қызметтің жұмысшылары, қоғам өкілдері жұмылып Жеменей өзенінің арнасын тазалап, кеңейтті.

Бастауын Сауыр-Сайқан тауларынан алатын Жеменей өзені Зайсан қаласын қақ жарып өтіп Кендірлік өзеніне құяды. Жалпы ұзындығы – 53 шақырым. Әдетте сылдырап ағып жататын шағын өзен көктемде, таудағы қар еріген кезде арнасына сыймай күркірейтіні бар. Ал «Қазгидрометтің» болжамынша алдағы күндері Шығыс өңірінде ауа температурасы күрт жоғарылап, кей жерлерде жаңбыр жауады. Демек тау өзені тасиды деген сөз.

Жеменейдің жолындағы Зайсан қаласында қазір 20 мыңдай халық тұрып жатыр. Өзен бойында орналасқан тұрғын үйлерді қарғын судан қорғап, тасқынның алдын алу үшін аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы бастаған мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері, коммуналдық қызметтің жұмысшылары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өзен арнасын кеңейтуге атсалысты.

– Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын көктем кезінде Жеменей тасып, өзеннің бойындағы кейбір үйлерге су кірген болатын. Осындай жағдай қайталанбас үшін жергілікті атқарушы билік жауапты органдармен тізе қосып өзеннің арнасын кеңейтіп жатырмыз. Сауыр, Сайқан тауларында қар әлі де қалың. «Қазгидромет» мамандары бүгін, ертең Зайсан өңірінде күн 20 градусқа дейін жылынады деп болжап отыр. Ендеше таудағы қар жылдам ери бастайды. – деді аудандық мәслихаттың төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Жеменей өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары барысында қыстай жиналған қоқыстар шығарылып, судың бойында құлап жатқан ағаштар алынды. Өзен жағалауындағы су қашуы ықтимал тұстар бекітілді.

 Фото: Ермек Иманғазинов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу