Аспан тағысын бағындырған Айшолпан
Фото: El.kz
Еңбегімен елге танылып, өнерімен өзгеге өнеге көрсетіп жүрген жандардың қашанда бәсі биік, бағасы үстем. Осындай жандардың бірі – әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы. Ол бүркітті биікке көтерсе, бүркіт оны биікке көтерді. Бұл еселі еңбек, ұлттық өнерге деген өзгеше құрметтің жемісі мен жеңісі деуге болады.
Айшолпан Нұрғайыпқызы - өз ұлтын өнерімен өзге жұртқа танытқан, саусақпен санарлық аз қазақтың бірі. «Google» іздеу жүйесінің мәліметі бойынша, ол ХХІ ғасырда қазақты әлемге әйгілі еткен бес адамның бірі екен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әлемге әйгілі Гарвард және Оксфорд университеттері бастаған шетелдік озық оқу орындары шақырса да, Айшолпан Қазақ елінде білім алып, бүркітін биікке самғатып жүр.
Бүркіт салу - оның әулетінен жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнер. Ол бүркіттің дауысымен оянып, қыранның қанатымен аласталып өскен ұрпақтың легінен. Бала күнінен құсқа құмар, атқа үйір болып өскен. Әуелі 6-8 жас аралығында атқа мінуді үйренсе, сегіз жасынан кейін саятшылық шыға бастаған.
Айшолпан - көптеген халықаралық, республикалық бүркітшілер турнирінің жеңімпазы. Қыранды қолға шақырудан рекорд жасаған ару. Осыдан бірнеше жыл бұрын израильдік фотограф Ашер Свиденский түсірген бүркітші қыздың суретін көрген америкалық режиссер Отто Белл Айшолпан туралы кино түсірген болатын. Сол кинода режиссер қазақ қызының қайсарлығын, мықтылығын, қазақтың құсбегілік өнерін көрсетеді. Киноның бас кейіпкері болған Айшолпан 18 метр құздағы ұяға арқанмен түсіп, бүркіттің балапанын алып шығады. Міне, осыдан-ақ өнермен танылудың жолында қандай ауыр еңбек барын білуге болатын шығар.
Бүгінде Айшолпан бес тіл білетін білімді қазақтың қайсар аруларының бірі ретінде артынан ерген сіңілілеріне өнерімен үлгі болып келеді. Биыл Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған бүркітші қыз алдағы уақытта құсбегілік өнердің дамуына өз үлесін қоспақ.