KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да репродуктивті денсаулықты қорғау апталығының қорытындысын шығарды (видео)

28.06.2024, 17:03 173 Жанаргүл Мұқатай

Облысымызда 24-28 маусым аралығында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтті.
Облыс орталығында, қалалар мен аудандар көлемінде, денсаулық сақтау ұйымдары мен оқу орындарының, құқық қорғау органдарының бірлесе қатысуымен өткен ауқымды шара Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ да өткен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның отырысымен қорытындыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Комиссия отырысына қатысқан Ана мен бала орталығының консультативтік–диагностикалық  бөлімінің меңгерушісі Надира Слямханова, облыстың  штаттан тыс бас акушер-гинекологы Марат Көксегенов, гендерлік мәселелер жөніндегі облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Зарина Қамасова, өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері апталықта іске асырылған іс-шаралардың нәтижесін баяндап, ұрпақ денсаулығын сақтаудағы келелі мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастырды.

- 2022 жылы облыста 53 жасөспірім қыз бала босанса, былтыр 50 жасөспірім қыз баланың босану жағдайы тіркелді. Ерте жүктілік, бедеулік пен белсіздік, жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен берілетін инфекциялық   аурулардың алдын алу мәселелері, бұлардың барлығы ұрпақтың, ұлттың денсаулығын сақтаудағы маңызды мәселе болып отыр. Бұрын бедеулік қыздар арасында ғана тіркелсе, қазір жігіттер арасында белсіздік жиі тіркеле бастады. Бұған жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардан басқа бірнеше себеп бар. Көптеген ата–ана гинекологтан қорқады. Дәрігерлердің кеңесін тыңдап, ұл баланы да, қыз баланы да 6 жасынан бастап дәргіерге көрсету қажет, - дейді, Ана мен бала орталығының консультативтік-диагностикалық  бөлімінің меңгерушісі Надира Слямханова.

Еліміз бойынша өтіп жатқан репродуктивті денсаулық апталығы осы қорытынды жиынмен тоқталып қалмайды, әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар облысымызда биылдан бастап «Аналар саулығы» пилоттық жобасы іске асырылады. Шығыс Қазақстанда аналар, әйелдер денсаулығының көрсеткіші өзге өңірлермен салыстырғанда төмен. Сол себепті Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстарымен қатар біздің облыста да «Аналар саулығы» жобасы іске асырылмақ. Жобаның мақсаты – дүниеге дені сау ұрпақ әкелудің барлық мүмкіндіктерін жасап, ана мен бала өлімінің алдын алу. Жүктілікке дейінгі уақытта  әйелдердің денсаулығын жақсартуға арналған алдын алу шараларын жүргізу.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу