ШҚО-да Шемонаиха өнерпаздарының гала-концерті өтті
Өскеменде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Туған ел – алтын бесігім» жобасын Шемонаиха ауданы жалғастырды. Ауданның мәдени күндеріне орай «Ертіс концерт» орталығында гала-концерт өтіп, көрме ұйымдастырылды.
Шемонаиха ауданының мәдениеті мен өнерін паш ететін көрмелер галереясы мен концертін облыс әкімі де жұртпен бірге тамашалады. Көпшіліктің назарына суреттер, мүсіндер, қуыршақтар және кітаптар көрмесі ұсынылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Сонымен қатар көрмеге ағаштан жасалған QR-кітап та қойылыпты. Кітаптың әр бетіне аудан тарихынан сыр шертетін суреттер салынып, ақпараты QR-код арқылы берілген. Осындай ой салар көрмені тамашалған жұрттың қарасы көп болды.
Ертіс концерт орталығында өткен концертте қазақтың халық әндері шырқалып, ақ шашуы шашылды. Әні мен сәні жарасқан әдемі кешке қала тұрғындары куә болып, тамашалап қайтты.
Айта кетейік, ертең Өскеменде Шемонаиха ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді.