KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Үйлі болуға мүмкіндік артты

Фото: pexels.com

1.12.2015, 18:30 3 Гульжан Мусина

2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан Президенті тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған заң жобасына қол қойды. Бұл құжат тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді орталықтандыру арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуді көздейді. Елде баспанасы жоқ әрбір адам үй алу кезегіне тұра алады. Басты шарты – соңғы бес жылда атында жылжымайтын мүлік тіркелмеуі керек.

Заң Мемлекет басшысының 2020 жылғы тапсырмасына сәйкес әзірленді. Президент «Отбасы банк» негізінде тұрғын үйге қатысты барлық процестерді орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институтын құруды тапсырған болатын.

Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлу функциялары «Отбасы банкке» беріледі. Банк базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, ол бірыңғай ақпараттық база ретінде жұмыс істейді.

Соңғы 5 жылда тұрғын үйі жоқ барлық азаматтарға кезекке тұру құқығы беріледі. Енді кезекке қою азаматтың белгілі бір санатқа жатуына тәуелді болмайды.

Мемлекеттік қолдау шаралары бір рет қана беріледі. Тұрғын үйді бөлу процесі азаматтардың кезекке тұрған күні мен кіріс деңгейіне негізделеді.

Сатып алу құқығынсыз жалға алынған тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл құқық, әсіресе жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға беріледі. Жекешелендіру 30% бастапқы жарнаны енгізіп, 10 жылға дейін бөліп төлеу негізінде жүзеге асады.

Биыл Шығыста әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ. ШҚО-да жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында (ШҚО) биыл тұрғын үй құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Жалпы 801 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жыл қорытындысы бойынша 400 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер – 263 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 137 мың шаршы метр.

Биыл бюджет қаражаты есебінен 1 441 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 769 пәтер жалға берілмек. Бұл пәтерлердің бір бөлігі «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында жүзеге асырылады.

Аталған жоба жеке инвесторлармен ынтымақтаса отырып іске асуда, олардың қолдауымен 425 үй салынуда. Бұл үйлер кейін халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жалға берілетін тұрғын үйлер ретінде сатып алынады. Қазіргі уақытта шекара маңындағы елді мекендерде де тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлініп, бұл өңірлерде 202 пәтерді жалға беру жоспарланған. Бұл бағдарлама бойынша 2,6 млрд теңгеге 156 пәтер салынады. Биылғы қаңтар, ақпан айларында пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй құрылысының көлемі былтырғыдан 102,6 пайызға өскенін айта кеткен абзал.

Елімізде  биылғы 1 наурыздан бастап «Отау» бағдарламасы іске қосылды.  Өңір тұрғындары 30 сәуірге дейін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Несие бойынша жылдық мөлшерлеме – 9% (ЖЭС 9,2% бастап). Несие мерзімі - 19 жыл.

Бүгінге дейін елімізде 10 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу үшін бірегей шарттарды ұсынатын «Отау» бағдарламасына өтінім беріп үлгерген. Бағдарлама алдағы жеті жылға арналған, сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланғысы  келгендер қазірден бастап жинақ жүргізуі қажет. Ал егер банк салымшысы бағдарламаның шарттарына сай болса, биылғы 30 сәуірге дейін өтініш беруге уақыты бар.

Тұрғын үй құрылысына арналған инвестиция көлемі 133,3 миллиард теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 105%-ға артық. Оның ішінде бюджеттен бөлінген қаржы 25,9 миллиард теңге болып отыр. Бұл қаражат жалға берілетін үйлерді сатып алуға және тұрғын үй құрылысына бағытталған. Жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға 15,6 миллиард теңге бөлінді. Кредиттік тұрғын үй құрылысына 10,4 миллиард теңге қарастырылған.

Жалға берілетін тұрғын үйлер ең алдымен көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, зейнеткерлерге және басқа да әлеуметтік осал топтарға арналған. Мұндай үйлер барлық аудандарда, соның ішінде шекаралас елді мекендерде салынып жатыр. Бұл бастама халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, өңірдегі кезекте тұрған азаматтар «Отбасы банкі» АҚ ұсынған жаңа ипотекалық бағдарламаларға қатысуға белсенді түрде кірісті. Атап айтқанда, «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 5,1 миллиард теңгені құрайтын 240 жеңілдетілген несие берілген. Бұл бағдарламалар тұрғын үйге қолжетімділікті арттырудың қосымша тетігі болып табылады.

"Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында іске асып жатқан "Бір қабатты Шығыс" бастамасы өңірдегі жеке тұрғын үйлерді жалға беруге бағытталған бірегей жоба болып саналады. Мұнда жеке инвесторлар шағын ауылдарда сапалы үйлер салып, оларды кейін мемлекетке сату арқылы жалға берілетін тұрғын үй қорын толықтырады. Бұл тәсіл ауылдық аймақтардағы тұрғын үй тапшылығын тиімді шешуге көмектеседі.

ШҚО-да жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Бұл бастама мыңдаған отбасылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің тұрғын үй қорының сапасын арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, шекара маңындағы ауылдардағы тұрғын үймен қамту шаралары айрықша назарға алынған. Бұл жұмыстар жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу