KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Шығыстың алтын дәні: астық түсімі артты, сапасы жақсарды

Фото: pexels.com

4.12.2024, 17:45 43 Гульжан Мусина

Шемонаиха, Ұлан, Глубокое, Алтай тәрізді астықты аудандарымыздың диқандары жаңбырсыз күндерді тиімді пайдаланып егіннің басым бөлігін 94 пайызын жинап үлгерді. Орташа өнімділік гектарынан 22 центнерді құрап отыр, осы уақытқа дейін 530 мың тоннадан астам астық бастырылған.

Облыс экономикасының басты саласы саналатын ауыл шаруашылығы тұрақты дамып келеді, өңірлік өнім көлемі елдегі ауыл шаруашылығы өнімі шығарылымының 6%-ын құрап отыр. Биылғы жылы аймағымызда бітік шығып отырған мол астық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыра түсуге септігін тигізбек.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекованың облыс әкімдігі отырысында баяндағанындай, облыс бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 19 центнерден болды, былтыр 13 центнерден болған. Биыл облыста астықтың  сапасы да жақсы болған, республикалық көрсеткіштен жоғары. Элиталық, сапасы жоғары тұқымдарды егудің нәтижесінде облыста дәнді дақылдың сапасы айтарлықтай жақсарған. Облыста жиналған дәнді дақылдың 50 пайызы 3 класты құрап отыр.  Республика бойынша 3 класты, сапасы жоғары астықтың көлемі 40 пайыздан төмен. Жалпы, облыстағы астық қабылдау пункттеріне түсіп жатқан астық сапасының  50% - 3 класты, 40,8 % - 4 класты, 8,6% - 5 класты құрайды.

Күзгі жиын-терімнен күтіліп отырған жалпы астық көлемі 482,9 мың тонна.

Шығыста минералды тыңайтқыштарды пайдалану  екі есеге артты

Ағымдағы  жылы елімізде бірінші рет отандық өндірістің минералды тыңайтқыштарын сатып алуға аванс беру жүйесі енгізілген. Яғни, тыңайтқыш құнының 60% субсидия ретінде өндіруші отандық зауыттарға тікелей аударылып, нәтижесінде шаруалар тыңайтқыш құнының 40%-ын ғана төлеп тыңайтқыштар алған.

Жаңа жүйе қаржыны тиімді жұмсауға мүмкіндік беріп, екі жақтың да жұмысын жеңілдеткен. Биыл біздің облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін екі есеге арттырған. Облыс әкімдігінің отырысында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова аудандарға алдағы уақытта минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін әлде де ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Күнбағыстың орнына - рапс пен соя

Келер жылы Үлкен Нарын ауданында нарықта сұранысы артып отырған рапс дақылы алқабын ұлғайту көзделіп отыр. Биыл аталған ауданда 4,8 мың гектарға рапс егіліп, гектарынан 23,9 центнерден, өте жоғары өнім алынған. Облыс әкімдігінің отырысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев аймақтың Шемонайха, Глубокое, Алтай, Ұлан сияқты астықты аудандарының әкімдеріне егістікті әртараптандыруға көшуге, оның ішінде рапс, соя сияқты бағасы жоғары дақылдарды егуге орай тапсырма берді.

Қазіргі күні диқандар егуге әуес болып отырған күнбағыстың бағасы тоннасына -140-180 мың теңге болса, рапстың бағасы-200 мың теңгенің үстінде тұр. Биыл облыста 1300 гектарға  соя егілген.

- Дақылдарды егуге, өсіруге кететін шығындар бірдей болғанымен бағасы екі түрлі, көріп отырсыздар. Өткен жиында Фарид Абитаев Тарбағатай, Зайсан аудандарындағы  Қандысу, Үйдене су қоймалары жөнделген соң Тарбағатай мен Зайсанда рапс пен сояны 80 мың гектарға дейін өсіріп, көбейтуге болатынын айтты.  Тарбағатай мен Зайсанда суландыру жүйесін құрып, жерге сіңіп кетіп жатқан суды арық арқылы емес, құбыр арқылы тасымалдауды жолға қойсақ, осы екі ауданда рапс пен сояны егуге бола ма? Осыны зерттеп, тексеріп, зерделеп шығыңыздар. Егер ол жақта осы дақылдарды көптеп еге алсақ, онда Зимунай, Майқапшағайда рапс, сояны өңдейтін, рапс майын өндіретін кәсіпорындар құрып, Қытайға, басқа елдерге шығарудың тиімді жолы ашылады. Абитаевпен бірге осы мәселені кеңесіп, шешіңіздер,- деген тапсырма берді облыс әкімі өзінің орынбасары Д.Сапанов пен  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына.

Бүгінгі күні Тарбағатай ауданында 200 ден астам шаруа қожалықтары бар. Аудан әкімінің айтуынша, су тапшылығы қатты сезіліп отырған Тарбағатайда суландыру жүйелерін енгізу үшін инвесторлармен жұмыстар жүргізілуде. Келер жылы инвесторға беріліп отырған 1700 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясы енгізілмек.

Дән себу мен өнім жинап үлгеру бірдей маңызды

Облыс шаруашылықтарында егін жинаумен бірге 2025 жылғы егінге тұқым себу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың тұқым шаруашылықтарымен 12 мың тоннадан астам дәнді дақылдар себілген.

Бүгінгі күнге дейін 33,9 мың га майлы дақылдар алқабы немесе жалпы жинау алаңының 15,21% жиналып отыр. Орташа өнімділік гектарынан 19,7 ц құрап, 66,85 мың тонна астық бастырылды.

Диқандар майлы дақылдарды жаппай жинауға қыркүйектің үшінші онкүндігінде және қазан айының басында кіріспек. Қазіргі уақытта күнбағыс дақылдары пісетін кезеңде. Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Алтай ауданының көптеген шаруашылықтарында шамамен 100 мың га алқапта күнбағыс десикациясы жүргізілді.

Ендігі мәселе - бітік шыққан дәнді, майлы дақылдарды ысырап қылмай дер уақытында жинап, қамбаға құю. Биыл Павлодар мұнай-химия зауытынан егін жинау жұмыстарын жүргізуге облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне литріне 250 теңгеден 8,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.

Қазіргі уақытта күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 5,1 мың тонна көлемінде дизель отынына қажеттілік бар. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және ҚР Энергетика министрлігіне күзгі - дала жұмыстарына қосымша көлемге өтінім берілді.  Астық кептіру жұмыстарына 89 өтінім үшін 7,7 мың тонна бөлінді. Қыркүйек – 3 мың тонн, қазан – 4 мың тонна, қараша айларына – 770 тонна бөлінді. 

Облыс шаруашылықтарында 2000-нан артық астық жинайтын комбайн бар. Комбайнға орташа маусымдық жүктеме 500 гектардан аспайды, бұл егін жинау маусымына нормативтік жүктемеге сәйкес келеді. Ауыл шаруашылығы басқарасының басшысы әйтсе де, облыста тіркелген техниканың саны мен сапасы сай келмейтінін айтты. Биыл облыс бойынша «қолда бар» делініп отырған 1324 ескі трактор,145 ескі комбайн есептен шығарылу керек болған. Бірақ, көпшілігі әлі санда жүр. Риддер қаласы, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарының әкімдіктері бұл жұмыстарды шала жүргізген. Облыс әкімі бұл жұмысты жылдың аяғына дейін бітіруді тағы да  тапсырды.

Күзгі егінді жинау үшін облыс шаруашылықтарында әртүрлі қуаттылықтағы 300 механикаландырылған ток, 83 кептіргіш (тәулігіне 58 мың тонна астықты кептіруді қамтамасыз етеді), сондай-ақ 5 лицензияланған элеватор (сақтау қуаты 322,7 мың тонна) бар. Барлық объектілердің жалпы сақтау қуаты 739,3 мың тонна. Аталған көлемдерден басқа облыстың май және ұн тарту кәсіпорындарында шамамен 250 мың тонна сақтау орны бар. Ағымдағы жылдың 10 қыркүйектегі жағдайы бойынша 5 лицензияланған элеваторда 147,6 мың тонна астық (46% жүктеме) сақтауда, оның ішінде «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ көлемі 10,2 мың тонна, басқа көлемі 137,4 мың тонна.

- 2024 жылғы мамырда «Кең дала 2» несиелеу бағдарламасы іске қосылды, ол бойынша АШТӨ пайыздық мөлшерлемені жылдық 5% - бен несиелер алды. ШҚО-ның 37 шаруа қожалықтарына осы бағдарлама бойынша 5,4 млрд. теңге сомасында кредиттік қаражат берілді («Аграрлық несие корпорациясы» арқылы - 3,9 млрд. теңге - 36 АШТӨ, "Ертіс" ӘКК АҚ арқылы – 1,5 млрд.теңге 1 АШТӨ).
Осы бағдарламадан басқа «Аграрлық несие корпорациясы» ШҚФ арқылы өңірдің 114 АШТӨ үшін 5,3 млрд.теңге несие берілді.
Нәтижесінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына облыс шаруашылықтары өткен жылмен салыстырғанда 47% - ға көп қаражат алды, - дейді  күзгі жиын-терім барысымен таныстырған  Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова.

Мемлекет басшысының машина-трактор паркін жаңарту деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ қазақстандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуды қаржыландыру бағдарламасын іске қосқан болатын. Ағымдағы жылдың басынан бастап аймақтың шаруалары «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚф арқылы 8 млрд.теңге сомасына 419 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке алған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20% - ға артық. Барлық қабылданған шаралар облыс диқандарына ағымдағы жылғы егінді уақтылы және шығынсыз жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Жанаргүл Мұқатай

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу