Еріктілік – жүректілік
Фото: pexels.com
«Елге қызмет – ерге міндет» деген сөз бар қазақта. Осы ұлы міндетті арқалап, қоғам игілігі үшін елеулі еңбек етіп жүрген еріктілердің орны әрдайым ерекше. Биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялануы – еріктілер еңбегінің қоғам өміріндегі маңызын айқындай түседі. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап, еріктілікке деген көзқарасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдар жасауда.
Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды халықаралық Волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің еріктілер еңбегін бағалап, оны жаһандық деңгейде мойындатуға қосқан үлесі.
Ерікті болу – жүрек қалауы. Волонтер ешкімнің нұсқауынсыз, ақысыз қызмет етіп, қоғамның әр саласына қол ұшын созады. Олар төтенше жағдайларда алғашқы болып көмекке келеді, табиғатты қорғау акцияларына қатысады, панасыз қалған жануарларға қамқорлық көрсетеді. Еріктілердің басты күші – олардың адал ниеті мен риясыз еңбегі.
Еріктілік – біздің қанымызда бар қасиет. Қазақ халқы ежелден «Қайырымдылық – қасиет белгісі» деп, өзара көмек пен қолдауды өмірлік ұстаным етіп келген. Еріктілердің бүгінгі қоғамдағы қызметі сол дәстүрдің жалғасы іспетті. Олардың еңбегі – елдің ертеңі үшін жасалған асыл іс.
Еріктілер – қоғамның үнсіз батырлары. Олар қандай қиындық туындаса да, әрдайым көмек қолын созуға дайын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғамның игілігі үшін бірігіп еңбек ету – еріктілердің басты ұстанымы. Еңбегі еленбесе де, еріктілер адал ниетімен өз миссияларын атқара береді.
Еріктілердің қоғамға тигізер пайдасы орасан. Олар адамдардың жүрегіне жылулық ұялатып, өз үлгілерімен өзгелерді жақсылық жасауға шақырады. Еріктілердің еңбегін бағалап, оны насихаттау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Сондай-ақ ол Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударып, еріктілердің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді де ұсынған. Осылайша еріктілер ұйымдары мен қозғалысының жаһандық деңгейде дамуына тың серпін берілмек.
Қайырымдылық қанымызда бар
Кейінгі 3 жылда елдегі еріктілер ұйымдарының саны үш есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсіп, белсенді волонтерлер саны бес есеге дейін артқан. Бүгінде еліміз бойынша 700-ге жуық волонтерлік ұйым, мыңнан астам бастамашы топ, мыңнан астам «Күміс волонтер» және еліміздің түкпір-түкпірінде 20 өңірлік волонтерлер фронт-офисі жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Өскемен қаласында 14 волонтерлік ұйым бар. Ал ерік-жігері тасыған ерікті жастардың санында есеп жоқ. Осыдан-ақ мемлекетімізде волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады.
Шығыс Қазақстан облысында ерікті экобелсенділер әкімдік тарапынан марапатталған болатын.
Облыс тұрғындары мен қонақтары жаз бойы жиі демалатын Шыбындыкөл аумағында өз еркімен тазалық жұмыстарын атқарып жүрген белсенділер көзге түсті. Олар – өңір тұрғындары Диляра Кузнецова мен Олег Каун. Азаматтық жауапкершіліктің мұндай көрінісі куә болған жұртты да, жергілікті атқарушы орган өкілдерін де ерекше қуантты.
Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов белсенділерді жеке қабылдауға арнайы шақыртып, әкімдік атынан алғыс хат табыстады.
Халық көптеп баратын демалыс орындарының жиі ластанатыны және азаматтық жауапкершілігі төмен жандардың қоршаған ортаны қоқысқа толтырып кете баратыны да жасырын емес.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық жоба аясында ел аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобаға еріктерлер де белсене атсалысуда. Бастысы, “Таза Қазақстан” қоршаған ортаға немқұрайлықты жойып, тазалық тұрғысынан игі әдет қалыптастыруда.
Шын мәнінде ерікті түрде жұмыс істеу, өзгеге көмектесу ғасырлар бойы қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қазақ қоғамы үшін, еріктілер қозғалысы тіпті жат дүние емес. Қазір облыстың бас шаhарында еріктілерді қолдау мақсатында республикалық жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша «Birgemiz» жол картасы іске асып жатыр. «Qamqor» және «TazaAlem» бағыты бойынша бірқатар акция ұйымдастырылып, нәтижесінде сегіз әлеуметтік мекеме қамтылған.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мыңнан астам еріктілерді біріктірді. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Корея, Испания, Түрікменстан және Гана Республикасы бар. Қырғызстаннан келген еріктілермен танысып, олардың Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында немен айналысатынын білдік.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еріктілер 18 топқа бөлінді. Әр команданың өз функциялары бар. Кейбіреулер жарысқа келген қонақтарды күтіп алып, орындарына жайғасуға көмектесіп жібереді. Барлығы да шет тілдеріне жақсы меңгерген. Жұмысқа кіріспес бұрын еріктілер оқудан өтіп, тиісті сертификаттар алған.
Қашан да алғы шепте
Алғашқы толассыз жауған қардан қаланы тазарту жұмыстарына Риддер қаласының жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне көмекке басқа да тұрғындар қосылды.
Еріктілер қаланың орталығын, орталық жолдар, тротуарлар мен автобус аялдамаларын тазартты. Осылайша қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз етті, жаяу жолаушыларға да жағдай жасады.
Қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына тұрғындардың өздерінің атсалысуы әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетіп, көпке үлгі болды.
Қала тұрғындары бұл бастамаға қолдау білдіріп, еріктілердің еңбегіне алғыстарын айтуда. Риддер қаласының әкімшілігі де тұрғындарды мұқият болып, қажет болған жағдайда еріктілердің акцияларына қосылуға шақырады.
Шығыста қыс қаhарына мінген кезде өңір тұрғындарына бірінші болып көмекке еріктілер келеді. Бұл ретте өңіріміздің өзге қалалары мен аудандарындағы еріктілер де бейжай қалмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ұлан ауданының жастары бір апта бойы қайырымдылық жасап жарысқан. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еріктілер апталығы өтті. Волонтерлер ауа райының қолайсыздығына қарамай үйлердің ауласын қардан тазартуға көмектескен. Сондай-ақ ауданның өзге тұрғындары да белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, тегін такси акциясын ұйымдастырып, адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салуға көмектескен.
Қазіргі уақытта еліміздегі еріктілер жұмысына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Қайырымды іс жасап, қоғамға пайдалы болуға ұмтылатындардың басым бөлігі – жастар. Осыған орай, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Ауыл» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен ерікті студенттерге арналған оқыту семинары өтті.
Семинар жастарға ерікті болудың негіздерін үйретіп, қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған.
Қоғамға пайдалы істерге белсенді араласып жүрген жастардың бірі – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенті Жамбыл Әлиев. Ол бұған дейін эковолонтер ретінде “Таза ойын” акциясына қатысып, екі мәрте чемпион атанғанын айтты. Оның пікірінше, қоғамдық маңызы бар істерге араласу – болашақ үшін маңызды тәжірибе. Сондай-ақ қайырымдылық шараларға қатысу азаматтық ұстанымын нығайтатынына сенімді.
Еріктілер – ешқандай ақысыз, қоғамға өз еркімен қызмет ететін адамдар, сондықтан бұл негізінен қоғамдық жұмыс. Ең бастысы, мейірімді жүрек пен таза ниет қажет.
«Ауыл» партиясы Жастар қанатының төрағасы Жанар Тауешбаеваның айтуынша, оқу бағдарламасын аяқтаған әрбір қатысушыға халықаралық үлгідегі сертификат табыстау қарастырылған. Бұл сертификат шетелдік оқу орындарына құжат тапсырған студенттерге қосымша қолдау болмақ.
Ақпан айының екінші онкүндігінде облыс бойынша ақтүтек боран соғып, бірқатар жол учаскелері жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің ескертуін елемей, жолға шыққан көлік жүргізушілері қар құрсауында қалып жатты. Бұл жолы да жанашыр жастар көмекке бірінші болып келді. Алтай ауданының еріктілері жолда қалған көлік жүргізушілеріне ыстық шай мен бауырсақ ұсынды. Мұндай акциялар облысымыздың түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатты.
Алғыс айту күніне орай облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Қоржын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Игі бастаманы өңірдің аудандарының жастары ізін суытпай жалғап, мұқтаж жандарға көмек көрсетті, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты.
Көліктегілер көмекке келді
Шығыста автоволонтерлік бағыт та қарқынды дамып келе жатыр. Өскемен-АСАР автоеріктілер жобасын қала әкімдігі осыдан бес жыл бұрын қолға алған.
Автоеріктілердің қызметіне жалғызілікті зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жүгіне алады. Қайырымды автожүргізушілер көмекке мұқтаж жандарды емханаға, базарға, қоғамдық орындар мен басқа да жерлерге тегін жеткізіп тастайды.
Өңірде барлығы 2 мыңнан астам волонтер бар. Жыл басынан бері 300-ден астам волонтердің қатысуымен әртүрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған.
«Өскемен-АСАР автоеріктілер» жобасы – қала басшылығының осыдан бес жыл бұрын бастаған алғашқы жобаларының бірі.
Автоеріктілердің қызметіне жалғыз басты зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар жүгіне алады.
Қайырымды автомобильшілер емханаға, базарға, қоғамдық орындар мен саябақтарға тегін жеткізіп тастайды.
Сервисті пайдалану немесе адамдарға көмек көрсетіп жүргендердің қатарына қосылғыңыз келсе, жобаның @ukaasar парақшасына жүгінуге болады.
Байланыс нөмірлері: 87479110011; 87777346067.
Алдағы уақытта еріктілердің бастамасымен жүзеге асырылатын қайырымдылық шаралары жалғасын таба бермек. Еріктілікпен айналысып жүргендердің басым бөлігі – жастар екендігі көңіл қуантады рас. Ерікті болу – жастардың қоғамдық істерге белсене араласуына зор мүмкіндік беретіні анық. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмектің маңызы зор екенін есімізден шығармағанымыз абзал. Мемлекет басшысы қолдау білдіріп отырған бұл қызмет түрі алдағы уақытта елімізде қарқыны дами берері сөзсіз.