Ел алғысын арқалаған еріктілер
Фото: Life09.kz
Биыл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкекте өткен Достастық мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қолдайтынын айтқан. Ал волонтерлік қозғалысты жандандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде БҰҰ Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды халықаралық Волонтерлер жылы деп жариялады.
Волонтер – eшкімнің нұсқауынсыз өз еркімен қоғамдық іс-қимылға белсенді әрі ақысыз қызмет қылатын адам. Төтенше жағдай кездерінде алғашқылардың бірі болып халыққа гуманитарлық көмек ұсынатын, адал ниетімен өзге жандарға қол ұшын созатын, панасыз қалған жануарларға көмек көрсетіп, табиғаттың тазалығына басты жанашыр болған және ол еңбегі үшін ешқандай ақы алмайтын еріктілердің еңбегі ешқашан ескерусіз қалған емес.
Сондай-ақ ол Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударып, еріктілердің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді де ұсынған. Осылайша еріктілер ұйымдары мен қозғалысының жаһандық деңгейде дамуына тың серпін берілмек.
Қайырымдылық қанымызда бар
Кейінгі 3 жылда елдегі еріктілер ұйымдарының саны үш есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсіп, белсенді волонтерлер саны бес есеге дейін артқан. Бүгінде еліміз бойынша 700-ге жуық волонтерлік ұйым, мыңнан астам бастамашы топ, мыңнан астам «Күміс волонтер» және еліміздің түкпір-түкпірінде 20 өңірлік волонтерлер фронт-офисі жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Өскемен қаласында 14 волонтерлік ұйым бар. Ал ерік-жігері тасыған ерікті жастардың санында есеп жоқ. Осыдан-ақ мемлекетімізде волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады.
Шын мәнінде ерікті түрде жұмыс істеу, өзгеге көмектесу ғасырлар бойы қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қазақ қоғамы үшін, еріктілер қозғалысы тіпті жат дүние емес. Қазір облыстың бас шаhарында еріктілерді қолдау мақсатында республикалық жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша «Birgemiz» жол картасы іске асып жатыр. «Qamqor» және «TazaAlem» бағыты бойынша бірқатар акция ұйымдастырылып, нәтижесінде сегіз әлеуметтік мекеме қамтылған.
Қашан да алғы шепте
Шығыста қыс қаhарына мінген кезде өңір тұрғындарына бірінші болып көмекке еріктілер келеді. Биыл облыста ақ түтек боран соғып, сарышұнақ аяз қысқан сәтте жылдағы дәстүрді бұзбай еріктілер халыққа «Жылылық сыйла» акциясын өткізді. Қалың қар жауып, елді мекендерде қозғалыс қиындағанда коммуналдық қызметтер күні-түні тынбай жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал еріктілер қала тазалығына жауапты жандарға ыстық шай мен бауырсақ таратып, «Жылылық сыйла» атты акция өткізді.
Бұл ретте өңіріміздің өзге қалалары мен аудандарындағы еріктілер де бейжай қалмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ұлан ауданының жастары бір апта бойы қайырымдылық жасап жарысқан. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еріктілер апталығы өтті. Волонтерлер ауа райының қолайсыздығына қарамай 46 үйдің ауласын қардан тазартуға көмектескен.
Түтеген боран мен сақылдаған аязға қарамай Қ.Қайсенов кентінің автоволонтерлері 23 мүмкіндігі шектеулі адамды емханаларға тегін тасымалдады. Сондай-ақ ауданның өзге тұрғындары да белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, тегін такси акциясын ұйымдастырып, адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салуға көмектескен.
Ақпан айының екінші онкүндігінде облыс бойынша ақтүтек боран соғып, бірқатар жол учаскелері жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің ескертуін елемей, жолға шыққан көлік жүргізушілері қар құрсауында қалып жатты. Бұл жолы да жанашыр жастар көмекке бірінші болып келді. Алтай ауданының еріктілері жолда қалған көлік жүргізушілеріне ыстық шай мен бауырсақ ұсынды. Мұндай акциялар облысымыздың түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатты.
Алғыс айту күніне орай облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Қоржын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Игі бастаманы Тарбағатай мен Самар аудандарының жастары ізін суытпай жалғап, мұқтаж жандарға көмек көрсетті, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты.
Көліктегілер көмекке келді
Шығыста автоволонтерлік бағыт та қарқынды дамып келе жатыр. Өскемен-АСАР автоеріктілер жобасын қала әкімдігі осыдан бес жыл бұрын қолға алған.
Автоеріктілердің қызметіне жалғызілікті зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жүгіне алады. Қайырымды автожүргізушілер көмекке мұқтаж жандарды емханаға, базарға, қоғамдық орындар мен басқа да жерлерге тегін жеткізіп тастайды.
Өңірде барлығы 2 мыңнан астам волонтер бар. Жыл басынан бері 300-ден астам волонтердің қатысуымен әртүрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған.
Алдағы уақытта еріктілердің бастамасымен жүзеге асырылатын қайырымдылық шаралары жалғасын таба бермек. Еріктілікпен айналысып жүргендердің басым бөлігі – жастар екендігі көңіл қуантады рас. Ерікті болу – жастардың қоғамдық істерге белсене араласуына зор мүмкіндік беретіні анық. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмектің маңызы зор екенін есімізден шығармағанымыз абзал. Мемлекет басшысы қолдау білдіріп отырған бұл қызмет түрі алдағы уақытта елімізде қарқыны дами берері сөзсіз.