KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да бас-мойын ісіктерінің 60 пайызы бастапқы кезеңде анықталады

pexels.com

8.12.2024, 12:00 28 Гульжан Мусина

2024 жылдың 11 айында ШҚО-да алғаш рет бастың және мойынның қатерлі ісіктерімен есепке алынған науқастар саны 139 адамды құрады, бұл 100 мың адамға шаққанда 19,1 көрсеткішін құрайды (2023 жылдың 11 айында 165 адам - 100 мың адамға шаққанда 22,4). Аурушаңдық 14,7%-ға төмендеді.

Бастың және мойынның қатерлі ісіктерін ерте анықтау көрсеткіші 31 жағдайды немесе 23%-ды құрады (2023 жылдың 11 айында 46 жағдай - 28,7%). Бастың және мойынның қатерлі ісіктеріне шалдыққандардың орташа жасы 55-64 жас аралығында, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аталған локализациядағы қатерлі ісік ауруларының 60%-дан астамы бастапқы кезеңдерде анықталады екен. Онкологтардың сөзіне қарағанда, бұл – ерте диагностиканың сапасын жақсартудың нәтижесі.

Мәселен, маусым айында Қазақстанда бас және мойын ісіктері туралы республикалық хабардарлық апталығы өткен болатын. Бас және мойын қатерлі ісігі – ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын, параназальды синус, қалқанша без, бас және мойын терісі сияқты әртүрлі аймақтарда дамитын қатерлі ісіктер тобы. Осыған орай облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өткен баспасөз мәслихатында жергілікті онкологтар бас және мойын ісіктерінің алғашқы белгілері және одан сақтанудың жолдары туралы айтып берді.

– Қатерлі ісіктердің алдын алу және ерте диагностикалау үшін  емханалардағы тексеру кабинеттерінің қызметі өте маңызды. Бұл кабинеттерге пациенттер емханаға алғашқы барған кезде жіберіледі. Онда арнайы дайындалған фельдшерлер көзбен қолжетімді локализацияларды тексереді, соның ішінде бас және мойын терісі, ауыз қуысы, қалқанша безі онкопатологияларының бар-жоғын анықтайды. Егер қатерлі ісікке күдік болса, пациент «Жасыл дәліз» жүйесі бойынша кеңейтілген тексеруге жіберіледі, бұл тексеру мерзімін едәуір қысқартуға, сол арқылы дәл диагноз қоюды жеделдетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстың бас онкологы, орталық директоры Гүлмира Сағидуллина.

Бас және мойын ісіктерінің хирург-онкологы Жандос Мағзұмовтың айтуынша, бас пен мойын ісіктерінің отыздан астам локализациясы бар. Алғашқы стадиясында ісік білінбеуі мүмкін, сондықтан науқастар оны байқамайды.

– Мысалы, науқастар ауыз қуысындағы жараларға мән бермейді. Емдегенге қарамастан, жара ұзақ уақыт жазылмаса, тығыздалып, қатты бола бастаса, ауыздан жағымсыз иіс шықса, дәрігерге қаралу керек. Егер қатерлі ісік мұрында болса, жиі қан кету, іріңді су ағуы мүмкін. Ал көзде болса, көз алмасы орнынан ауытқып кетеді, не болмаса қабақ терісі төмен түседі. Егер обыр жұтқыншақта болса, адамның жұтынуы қиындайды, – деп түсіндірді қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін Жандос Мағзұмов.

Мамандардың айтуынша, облыстық онкологиялық орталықта дәл диагноз қою үшін бас пен мойынды диагностикалаудың барлық қажетті әдістері жүргізіледі: ультрадыбыстық зерттеу, КТ, МРТ, фиброларингоскопия, сондай-ақ ультрадыбыстық бақылаумен қалқанша безі мен лимфа түйіндерінің жұқа инелі биопсиясы. Диагнозға және ісіктің таралу дәрежесіне байланысты орталықтың онкологтары қатерлі ісікті емдеудің заманауи әдістерін қолданады: хирургия, химиотерапия, сәулелік терапия.

Айта кету керек, онкологиялық орталықта қалқанша безге бірегей операция – эндоскопиялық тиреоидэктомия жасалады. Қазақстанда бұл жаңа әдіс тек Өскемен мен Астана қалаларында енгізілген. Хирург-онкологтар ота жасаған кезде мойында тыртық қалдырмай, ісікті қолтық астынан кіріп, алып тастайды. Бұл әдіс қан тамырлары мен жүйке талшықтарының зақымдану қаупін азайтады, сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңнің ыңғайлы өтуін қамтамасыз етеді, науқастың ауруханада болу уақытын қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, Көпсалалы онкология және хирургия орталығында ашық есік күндері жиі өткізіліп тұрады. Облыс тұрғындары МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан кеңес ала алады. Терапевттен жолдама қажет емес. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болуы керек.

Мекенжайы: Потанин көшесі, 6, 1 корпус, консультативтік-диагностикалық бөлімше (емхана). Барлық сұрақтар бойынша келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады: +7 (7232) 48-91-51, +7 778 003 78 45. 

Айна Ескенқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу