KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Мұз қатпаған кезде балыққа шығу қауіпті (видео)

5.12.2024, 17:30 274 Төлеуғазы Жансая

 

ШҚО ТЖД мамандары мұз үстінде болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында «Мұз 2024» акциясын қайта қолға алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

«Мұз 2024» – қысқы балық аулаудың қауіптілігі мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салуға бағытталған республикалық акция.  

Өңірде су қоймалары аз емес. Осы су қоймаларында балық аулауға әуес тұрғындардың саны жыл сайын артып келеді. Қыста мұз үстінде отырып балық аулайтын адамдар қызығушылығын ерте бастау үшін мұзы әлі қатпаған су қоймаларына шығып кетеді. Жыл басынан бері өңірде көктем-күз мезгілдерінде балық аулау барысында 4 адамның суға кету фактісі тіркелген.  

– Көп жағдайда балықшылардың су айдындарында қаза болуына сақтық шараларының сақталмауы себеп болады. Яғни құтқару күртешелерінің болмауы, өз күшін асыра бағалау немесе мұздың қалыңдығын ескермеу қайғылы жағдайға әкеледі. Биыл орын алған төрт жағдай ауа райының күрт өзгеруі мен құтқару құралдарының болмауынан болды, – деді ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ерік Тұрсұнғалиев.

Мұз айдынындағы қауіпсіздік туралы халықты құлақтандыру үшін төтенше жағдай қызметкерлері әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттар жариялап, мектептерде оқушылармен кездесулер өткізуде. Сонымен қатар балық аулау мен аңшылыққа арналған дүкендерде рейдтер ұйымдастырылып, қысқы балық аулаудың қауіптілігі мен қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі түсіндірілуде.  

– Рейд барысында балықшыларға мұздың қалыңдығын дұрыс бағалау, мұз жарылған сәтте әрекет ету және зардап шеккендерге көмек көрсету туралы ақпарат берілді. Әдетте жұқа мұзға шығу немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу жағдайлары жиі кездеседі. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына сәйкес, суда қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынады. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерімен бірге 1300-ден астам алдын алу шарасы өткізілді. Мектептерде «Абайлаңыз, жұқа мұз» тақырыбында 27 интерактивті сабақ ұйымдастырдық, – деп қосты Ерік Тұрсұнғалиев.

Қысқы балық аулау кезінде балықшылардың жанында құтқару құрал-жабдықтары болуы шарт. Әйтпеген жағдайда, 25 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.  

– 2024 жылдың басынан бері су қоймаларында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына сәйкес, қауіпсіздік ережелерін бұзудың 2 фактісі тіркелді. Атап айтқанда, Бұқтырма су қоймасында азаматтар жұқа мұзға автокөлікпен шыққан, ал Быструха су қоймасында балықшылар құтқару күртешелерін кимеген. Құқықбұзушыларға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынды, – деп толықтырды ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері.  

Міндетті жабдықтардың қатарында құтқару күртешелері, ағаш таяқ, диаметрі 11 мм-ден кем емес кендір жіп, ысқырауық және мұзға қадауға арналған біз болуы тиіс.  

Айта кетейік, ШҚО ТЖД қызметкерлері мұздың қалыңдығы кемінде 10 см болмаған жағдайда адамдарға, ал 25 см болмаған жағдайда көліктерге мұз үстіне шығуға болмайтынын еске салады.  


Ақерке Рағызбаева  
Фото, видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу