KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 2 м/с, СБ
500.32 545.3 6

ШҚО әкімі: жол сапасын жақсарту мәселесінде тың көзқарас қажет

Кеше, 11:10 157 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ өңір жолдарының сапасы мен құрылыс жұмыстарының үрдісі, нәтижелер болды. Жол ахуалы жайлы баяндама жасаған ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов жөндеу бойынша қолға алынған бағыттарға тоқталды.  Алайда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі жол сапасына көңіл көншітпейтінін алға тартып, қатаң сын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Қыстан кейін жолдардың жағдайы сын көтермейді. Өскеменнің өзінде 28 көше жөндеуді қажет етеді. Сограға баратын Абай көшесін көріңіз, көліктің дөңгелегі қисайып, түбі түсетіндей. Егер облыс орталығында сапалы жол жасай алмасақ, басқа аудандардан не сұрауға болады? Басқа өңірлерде салынған жолдар 10-15 жыл тұрады, ал бізде кейбір мердігерлер салған жолдар 5 жылға да жетпейді. Қаланың ортасындағы көпірдің жағдайы да әлі дұрысталмады. Қалай жөндемекшісіздер?! – деп нық сұрақ қойған аймақ басшысына жаңа шешімдер, жоспарлар туралы айтылды.

Сонымен қатар, Нұрымбет Аманұлы қала әкімдігіне мердігер компаниялармен тікелей жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Қала әкімі, өз кезегінде, облыс орталығындағы жолдардың сапасын жақсарту үшін жауапты мекемелер мен мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп, бақылауды күшейтетінін жеткізді.

- Қар кетті, қала жолдарының шұрық-тесігі мәселесі тағы басталды. Баяғы ән қайта айтылуда. Бұл қашанғы жалғаспақ? Атқарушылар небір бағдарламалар аясында жыл сайын саладағы жұмыстардың сапасын арттырамыз деп уәде етесіздер. Мақсат-жоспарларыңыз да қомақты. Бірақ біз бір емес, кілең 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан жоқпыз ба? Осы 30 жылда өңірімізде мақтанып көрсететін бір бетке ұстар жол жоқ! Бұл не? Неге кейбір өңірде жап-жақсы жолдар бар, ал бізде жыл сайын шұрық-тесік пайда бола береді? Айтып отырған сарапшыларыңыз да қаншама жыл қызметте, нәтиже көңіл көншітпейді. Жыл сайын жұмыс пен қаражат керектіктен мердігерлер әлде қасақана сапасыз жол жасауда ма? – деп Нұрымбет Сақтағанов халықтың көкейіндегі назды жеткізе отырып, басқарма басшысына сұрақты төтесінен қойды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу