Құсбегіліктің тарихынан сыр шертсек…
depositphotos.com
Қазақ халқы бағзы заманнан бүркіт, тұйғын, қаршыға, сұңкар, лашын, ителгі, қарақылыш, бидайық, қырғи, тұрымтай, жағалтай секілді алғыр құстар аңға салған. Бүгінде құсбегілік тың тыныспен жаңғыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы,
Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.
Алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған
Құс қайда Көкжендеттей қыран шәулі», деп Ақан сері жырламақшы, халқымыз үшін қыран құстың орны қашан да бөлек болған. Аңға салынатын сол жыртқыш құстардың тілін білетін адамдар – құсбегілер де ел-жұрттың ерекше сый-құрметіне ие болған.
Құсбегі – қырандарды түрге, топқа, текке айыра білетін, оларды өз ішінен жікке, туыстыққа, ұрпаққа бөле білетін адам. Былайша айтқанда, қыран құстардың түр-тұлғасына, сүйек бітіміне, қанат-құйрық, жүн, қауырсындарына қарай құсты сынай білетін сыншы.
Қырандардың бір түрін немесе бірнеше түрін үйрете, түлете, баптай білетін, оны зар күйіне келтіріп аңға салатын адам. Құс мертіксе, сүйегін салатын сынықшы, ауырса, емдей білетін адамдар құсбегі бапкер деп аталған.
Ал бүркітші дегеніміз – бүркітті ұстай, баға білетін, оны аттылы-жаяу алып, аңға салатын, аң мен құстан орташа сауаты бар адам. Жалпы алғанда қолына бүркіт ұстап, аңға шыққандардың тұтас ұғымы – бүркітші. Ал, оның ішінде бапкер де, саяткер де, құсбегі де жай қатардағы бүркітші де бола береді.
Қазақта «Бүркіт салсаң, Алтайдың қызыл түлкісін киерсің, қаршыға салсаң, қалжа жейсің» деген мақал бар.
Бүркіт наурыз айында шағылысады. Заңғар биікке немесе шөл далаға жұмыртқалайды. Тоңбайды. Бір-екіден артық тумайды. Балапанын шілденің ортасында ұшырады. Балапан шығарында шәулісі (еркегі) ұябасарына жем тасып береді. Оны ұябасар (енесі) балапанына жегізеді. Бірақ, өзі ұясына жақын бармастан оңаша отырады. Жемді үнемі ұябасар береді. Шәулісі балапаны ұшар кезде ғана жақындайды. Алғаш жақын жерге ары-бері ұшырып, бірте-бірте алысқа самғатады. Әр түрлі кұстарды, тамақты әке-шешесі алып беріп үйретеді. Қараша айына дейін ұясынан онша ұзамайды.
Қазақстанда бүркіт ұясы көбінесе Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау сияқты сілемді тауларда, онымен бірге орманды алқаптарда, әсіресе, биік қарағайлы, үйеңкілі жерлерде кездеседі. Құсбегілердің «ой құсы» немесе «қыр құсы» деуі де сондықтан.