KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскемендегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ерекше балаларды қатарға қосып жатыр

20.11.2023, 12:30 516

Өскемендегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ерекше балаларды қатарға қосып жатыр.

Кейінгі он жылда әлеуметтік қызмет көрсету орталығының білікті мамандарының көмегімен 80 баланың бойында өзін-өзі күту дағдылары қалыптасып, 22 бала отыруды, 44 бала өздігінен жүруді, 13 бала аяғын басып сүйемелдеумен жүруді үйренсе, жеті бала мүмкіндігі шектеулілер санатынан шығарылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Орталық басшысы Ольга Батуеваның айтуынша, мұнда тірек-қимыл аппараттары бұзылған және психоневрологиялық кемістігі бар 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі. Орталықта 1,5-18 жас аралығындағы 143 бала кешенді оңалтудан өтеді. Балалар мекемеге жартылай стационар жағдайында (10 сағат) жыл бойы барады. Әлеуметтік қызметтер олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып күнделікті тұрмыстық әрекеттерін қолдауға бағытталған. Барлық баланы орталыққа апарып-әкелу үшін облыстық бюджеттің қаражаты есебінен тасымалдау қызметі көрсетіледі. Әлеуметтік мекемеде логопед, психолог кабинеті, бассейн, сенсорлық бөлме, мультимедиялық және медициналық, физиотерапия кабинеттері жұмыс істейді. 

Топтар мен сыныптар арнайы реттелетін жиһаздармен және ортопедиялық жабдықтармен, заманауи интерактивті панельдермен қамтамасыз етілген, тренажер, гидромассаж ваннасы да бар. Осында 4-сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Қимыл-қозғалысы бұзылған, бірақ зиятында ауытқуы жоқ жеткіншектер 4-сыныптан кейін №19 қосымша білім беру мектеп-орталығындағы түзету сыныптарында оқуын жалғастырады.
Орталықтың білікті мамандарының көмегімен он жыл ішінде 80 баланың бойында өзін-өзі күту дағдылары қалыптасқан, 22 бала отыруды, 44 бала өздігінен жүруді, 13 бала аяғын басып сүйемелдеумен жүруді үйренсе, жеті бала мүмкіндігі шектеулілер санатынан шығарылды. Сол сияқты 12 бала қатарластарынан қалмай, балабақшаға барса, 30 бала жалпы білім беретін мектептерге, жеті бала «Ақниет» мектеп-интернатына оқуға ауысты. Орталықтың 18 түлегі колледждерге оқуға түсті. Мұның бәрі орталық мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.

-  Балам 14 жаста. Үш жасынан бері осы орталықтың қызметін пайдаланып келеміз. Диагнозы – Даун синдромы. Облыс орталығынан тыс қала-аудандардан келген балаларға мұнда стационарлы қызмет көрсетіледі. Біз Өскеменде тұратындықтан балам осында таңертеңнен кешке дейін медициналық, әлеуметтік қызметпен қатар білім де алады. Орталық қызметкерлері әр балаға мейіріммен, қамқорлықпен қарайды. Орталықтың психолог, дефектолог мамандарына және баламның тәрбиешілері Гүлзира Елемесова мен Әсем Айтказиноваға ерекше алғыс білдіремін. Ерекше балалардың ата-аналарының алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырған осы орталық мамандарының арқасында балам өзі киініп, тамақтануды үйренді, яғни қоғаммен араласуы, әлеуметтенуі жағынан оңалып келеді, – дейді Марина Шилинг. 



Автор: Айжанат Бақытқызы


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу