Отандық өніммен қамтылып отырмыз
Шығыстағы азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі іс жүзінде барлық негізгі салаларды қамтиды. Оның ішіндегі жетекші салалар - ет, сүт, май-тоңмай, ұн тарту, нан пісіру, жарма, кондитерлік және ауыл шаруашылық жануарларына арналған дайын жем өндірісі. Бұл сала 219 өнеркәсіптік кәсіпорыннан (3 ірі, 15 орта, 201 шағын) және 200-ден астам шағын цехтан тұрады.
Облыста 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 113,1 миллиард теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілді. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 100,5 пайызды құрады (112,5 миллиард теңге).
Ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі бөлімінің бас маманы Жанар Абдилдинованың берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірде үш азық-түлік түрі ғана өндірілмейді, олар - қант, күріш және тұз. Қалған 29 тағам түрінің 17 түрі өзімізде өндіріледі.
Облыс халқын өзімізде өндірілген нан, бидай ұны, сиыр еті, тауық еті, шошқа еті, қой еті, балық, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, шұжық өнімдері, картоп, сәбіз, бұрыш, қырыққабат, қызылша, помидор, қияр сияқты отандық өніммен 100%-дан астам деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз. Жылқы етінің 80%-ы - жергілікті өнім. Ал пияз, сүт, жұмыртқа, май, айран, ірімшік және сүзбе, макарон өнімдері мен алма сияқты азық-түлік түрлерінің жергілікті үлесі 80 пайызға жетпейді.
Орнатылған өндірістік құрал-жабдықтардың қуаты тәулігіне 80 тонна ет, 521 тонна сүт, 409 тонна дәнді дақылдарды, 2166 тонна майлы дақылдарды кешенді және терең өңдеуге, ішкі нарыққа және экспортқа жоғары сапалы дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Азық-түлік өнімдерін өндірудің өңдеуші өнеркәсіптегі үлес салмағы 11%-ды құрады, ал жалпы өнеркәсіптік өндірістегі үлес салмағы 9,2% болды.
Өңдеу салаларының құрылымында өсімдік майларын өндіру бірінші орында тұр – 45%, екінші орында ауыл шаруашылығы жануарларының етін өңдеу және консервілеу – 27%, үшінші орында сүт өнімдерін өндіру – 12%, ұн және жарма өндірісі – 5%, балықты өңдеу және консервілеу – 4,2%, ал басқа азық-түлік өнімдерін өндіру – 6,8%.
Балықты өңдеу және консервілеу көлемі 4,3%-ға өсіп, 4,6 миллиард теңгеден 4,8 миллиард теңгеге жетті. Алайда бірнеше бағытта өндіріс көлемінің ақшалай сипаты төмендегені байқалады. Жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеудің нақты көлем индексі – 94,1%. Дегенмен, ақшалай түрде өндіріс көлемі 7,7 %-ға төмендеген, яғни 2,6 миллиард теңгеден 2,4 миллиард теңгеге дейін азайды.
Нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдердің өндірісі 98,3% құрады. Алайда ақшалай түрде өндіріс көлемі 12,5%-ға төмендегені байқалады.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста тауық етін өндіру – 10%-ға, балық өндірісі – 43,7% ірімшік және сүзбе өндірісі – 11,7%-ға азайып кетті.
Ал мына салаларда өндіріс көлемі, керісінше артқан. Өсімдік майын өндіру – 129,3%, шұжық өнімдері – 16%, ет консервілерін өндіру – 8,6%, бидай ұнын өндіру – 3,4%-ға өсті, сары майды өндіру – 1,2 есе (0,6 мың тоннадан 0,75 мың тоннаға дейін), балмұздақ өндірісі – 2,2 есе (0,5 мың тоннадан 1,2 мың тоннаға дейін) артып отыр.
Өңдеу өндірісінің болашақ жобалары
Статистикалық деректерге сәйкес 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 148,4 млн АҚШ долларына жетті. Экспортталған өнімдердің жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі - 64,9%. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің импорты 83,4 млн АҚШ долларын немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114%-ды құрады. Өңірде сырттан әкелінген тауардан шетке шығарылатын отандық өнімнің үлесі басым екенін көреміз.
Облыста өнімдерді қайта өңдеу жұмыстарын жандандыра түсу үшін бірнеше жобаны қолға алу жоспарланған.
- Биыл Өскемен қаласында жылына 50 мың тоннадан асатын май дақылдарын өңдейтін зауыт («ALTAI MAI» ЖШС) салу жоспарлануда. Осылайша, жұмыс істеп тұрған өндірістерді ескере отырып, жаңа май экстракциялық зауытты іске қосу майлы дақылдарды өңдеу көлемін 595 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, өсімдік майларының экспортын 1,5 есеге (130 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік береді, - дейді Жанар Абдилдинова.
2024 жылдың қорытындысы бойынша май өндірудің көлемі 300 мың тоннадан асады немесе 2023 жылмен салыстырғанда 119%-ды құрайды деп күтіледі.
Сондай-ақ ағымдағы жылы дәнді дақылдарды қайта өңдеу бойынша екі жоба іске асырылды. Самар ауданындағы «Мәмбет» шаруа қожалығында жемшөпті түйіршіктеу цехы салынды. Өндіріс орнында жылына 500 тонна жемшөпті қайта өңдеуге болады. Өскемен қаласында дәнді дақылдарды қайта өңдеу зауыты («Normal Work» ЖШС) іске қосылды. Жобаның қуаттылығы жылына - 21600 тонна.
Ал 2026 жылдың соңына дейін сүт өнімдерін өндіруші «Молочный экспресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін кеңейту жобасы қолға алынбақ екен. Жобаның жалпы құны - 3 млрд теңге.
Жанар Абдилдинованың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ең проблемалы салаларының бірі - тері мен жүнді қайта өңдеу болып табылады. Себебі облыс бойынша ауыл шаруашылығы малдарының терісі мен жүнін өңдейтін кәсіпорындар жоқ.
- 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың Кешенді жоспарын орындау шеңберінде облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында мал терісін өңдейтін 11 өңдеу орталығын құру жоспарланған. Сондай-ақ тері мен жүнді қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп қосты Жанар Абдилдинова.