KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 1 м/с, В
523.86 544.34 5.11

11 жастағы қыздарға екпе егілмек

9.08.2024, 10:52 40 Жанаргүл Мұқатай

Алдағы қыркүйек айынан бастап елімізде 11 жастағы қыздарға  жатыр мойны обыры вирусына қарсы екпе егіледі. Екінші екпе осы жастағы қыздарға алты айдан кейін салынады. Облыста 11 жастағы  5025  қыз бар. 

Көбінесе жыныстық қатынаспен беріледі


Қазақстанда жылына 1900 жатыр мойыны обыры тіркеледі. Жылына 600 әйел осы аурудан көз жұмады екен. Биыл  облыста жатыр мойны қатерлі ісігінің 14 жағдайы анықталған, олардың үшеуі скрининг барысында белгілі болған.
Әйелдерде анықталған онкопатология жағдайларының саны бойынша жатыр мойны қатерлі ісігі сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында.
Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес осы жылдың қыркүйек айынан бастап адам папиллома вирусына (АПВ-ға) қарсы екпе егу басталады.
 Дүние жүзі бойынша адам папиллома вирусы вакцинациясы жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың ең тиімді әдісі саналады.  Бүгінгі күні бұл вакцина 135 мемлекеттің, соның ішінде алты ТМД елдерінің ұлттық екпе күнтізбесінде бар.
АПВ-ға қарсы екпе елімізде қыз балаларға бұған дейін де егілген. Пилоттық жоба бойынша 2013 жылы Алматы, Астана қаласы мен  Атырау, Павлодар облыстарында 12, 14 жастағы 7 172 қызға адам папиллома вирусына қарсы екпе егілген болатын, оның ішінде 4 217 қызға екінші, үшінші екпе салынған. 
- АПВ вакцинациясы үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген АҚШ компаниясы шығарған төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. 
Папилломовирустық инфекцияда ұзақ уақыт бойы клиникалық көріністер болмауы мүмкін. Тек қоздырушы факторлардың әсерінен (иммун тапшылығы, гипотермия, стресстік жағдайлар) АПВ инфекциясының белгілерін байқауға болады. Көп жағдайда 1-2 жыл ішінде бұл инфекциядан өздігінен жазылу мүмкін, бірақ кейбір науқастарда патология созылмалы түрге ауысады.

Жыныс сүйелдері (сүйір кондилома) – сыртқы көрінісі гүлді қырыққабатқа немесе тараққа ұқсайтын папилла тәрізді сүйір өсінділер. Олар дене түсті немесе қызғылт түсті, бір немесе бірнеше болуы мүмкін. Дененің барлық жерінде болады, бірақ көбінесе жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығында кездеседі. Папилломалар онкогендік потенциалдың төмендігімен сипатталады. Олар сирек қатерлі ісікке айналады, әдетте науқасқа ыңғайсыздық туғызбайды.
Кондиломаның табиғатын диагностикалау үшін биопсия қажет.
Патологияның әр түрін дәрігер мұқият бақылауы керек. Онкологиялық процестің даму қаупін азайту үшін терідегі және шырышты қабаттардағы мұндай өсінділерді алып тастау ұсынылады.
Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді. Тосқауыл контрацепциясын қолдану жеңіл әрі қолжетімді болғанымен, инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқастың вирусы тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
Бұл вирус өте ұзақ уақыт тырнақ астында, терінің бетінде өмір сүре алады. Ол вирустар онкогендік болған жағдайда тек жатыр мойнында ғана емес, адамның ауыз-мұрын қуысында, терісінде қатерлі ісік аурулары пайда болуы мүмкін. Вакцина вирустың онкогендік штамдарынан қорғайды, сондықтан бүкіл әлемде жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың ең тиімді әдісі вакцина болып саналады, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

Бедеулікке әкелетіні жайлы ақпарат жалған


Адам папиллома вирусына қарсы екпе жыныстық өмір басталғанға дейін жасалуы керек, сондықтан Еуропа елдерінде 9 жастан 11 жасқа дейінгі қыздар вакцинаның осы түрін алады. Бүкіл әлемде жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді  әдісі АПВ-ға қарсы вакцинация болып саналады. Вирустың ең онкогенді түрлеріне иммунитет беретін 2, 4 және 9 валентті вакциналар бар.
Вакцинацияны ата-анасының ерікті келісімімен 11 жастағы қыздар  алады. Вакциналарды ДДҰ мақұлдаған, олар Еуропа, АҚШ және Австралия елдерінде сәтті қолданылуда.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары әлеуметтік желілерде 2024 жылдан бастап қыздарға тегін салынатын адам папиллома вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкелетіні туралы тарап жүрген ақпараттың жалған екендігін және вакцинация үшін барлық қажетті тексерулер мен зертетулерден өткен қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген вакцина қолданылатынын ескертті.
Адам папиллома вирусы (АПВ) 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. АПВ - сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. 
 АПВ-ның ішінде тек 15 штамм онкогенді және жатыр мойны қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Олардың ішіндегі ең қауіпті және кең тарағаны -16-шы және 18-ші штамдар. 

- Жатыр мойны қатерлі ісігінің ең жоғары деңгейі 45 пен 65 жас аралығында, бірақ соңғы жылдары ауру 18 бен 29 жас аралығындағы жас әйелдерде де жиі кездесуде. Атап айтатын жағдай, адам папиллома вирусы барлығына әсер етеді - ерлерге де, әйелдерге де және вирус өте оңай таралады. Көбінесе АПВ жыныстық қатынас арқылы беріледі, бірақ кейде ол жыныс мүшелерінің терісімен жанасқан жағдайда да жұғады. Қазақстанда жыл сайын 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, - дейді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы директоры орынбасарының м.а. Шолпан Нұрғалиева.


Скринингтен өту қажет


 Ағзада вирустың болуы асимптоматикалық болып табылады, сондықтан адамдардың көпшілігі оны жұқтырғанын білмейді. Адам папиллома вирусын жұқтыру әрдайым қатерлі ісікке әкелмейді, 50 пайыз жағдайда ағза иммундық қорғаныстың арқасында және қатар жүретін аурулар болмаған жағдайда вируспен дербес күреседі. Алайда ағзадағы жағдайлардың басым көпшілігінде жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы расталған науқастарда АПВ-ның онкогендік түрі анықталады.
  Дәрігер цитологиялық зерттеуге жағынды алғаннан кейін жатыр мойны қатерлі ісігінің бар-жоғын анықтай алады. Ерте кезеңде ауру өзін көрсетпейді, белсенді дамыған кезде ғана симптомдар пайда болады. 
 Ауруды ерте диагностикалау мақсатында Қазақстанда скрининг жүргізіледі, скрининг бойынша 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер тұрғылықты жері немесе тіркелген жеріндегі емханаларда төрт жылда бір рет онкоцитологияға жағынды тапсырып отыруы қажет. Алты айда бір рет гинекологқа жүйелі түрде тексеру және бару аурудың өзін ерте сатысында анықтап қана қоймай, сонымен қатар ісік алдындағы жағдайларды және жатыр мойнының басқа патологияларын анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда жыл сайын 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, оның негізгі бөлігі 40-50 жастағы пациенттерге тиесілі.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың тағы бір түрі -онкоскрининг. Оны 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша емханаларда өтеді. Тұрақты тексерулер аурудың өзін ерте сатысында анықтап қана қоймай, сонымен қатар ісік алдындағы жағдайларды және жатыр мойнының басқа патологияларын анықтауға мүмкіндік береді. Осы жылы облыста жатыр мойны  қатерлі ісігінің 14 жағдайы анықталып, олардың үшеуі скрининг барысында белгілі болған. 
- Онкологиялық орталықтың мамандары халықты скринингтермен қамтуды ұлғайту мәселесі бойынша МСАК ұйымдарымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Осы жылдың үш айында шамамен 13000 адам жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтауға скринингтен өтті - бұл 2024 жылға арналған жоспардың үштен бірі. Біз мұндай тексерулердің маңыздылығы туралы әрдайым айтамыз, өйткені онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау тиімді емдеуге мүмкіндік береді және болжамдарды айтарлықтай жақсартады, - дейді көпсалалы онкология және хирургия орталығы директоры орынбасарының м.а. Шолпан Нұрғалиева.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу