KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 1 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық жоспары болуға тиіс

9.08.2024, 11:11 71 Нұржан Кенжеұлы

Бүгінде Шығыс Қазақстандағы мектептердің жартысынан астамы, яғни 57 пайызы шағын жинақты білім ордасы саналады. Мұндай мектептер негізінен ауылдық жерлерде орналасқанын ескерсек, алыс-жақындағы үлкенді-кішілі елді мекендеріміздің жағдайы мәз емес екенін түсінеміз.

Жалпы, ауыл халқының әл-ауқатын қалай арттыруға болады? Ол үшін ең алдымен әрбір ауылдық округтің өз әлеуметтік-экономикалық даму жоспары болуы керек. Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ел Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов осылай деді.

 

Бір жарым миллиард теңгенің несиесі берілген

 

Сапары барысында Үкімет басшысының кеңесшісі өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, осы жобаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен алқалы жиын барысында баяндама жасаған Ералы Тоғжанов аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей байланысты екенін, сондықтан мал шаруашылығымен қатар, өзге салаларды да назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтты. Сондай-ақ, мәжіліске қатысқан бейінді басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай іске асыруды тапсырды.

Мәжіліске төрағалық еткен өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы зор екенін жеткізді. Сол себепті, қазіргі уақытта бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, 2023 жылы «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстандағы сенімді өкіл ретінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халыққа жалпы сомасы 1 миллиард 535 миллион теңгенің 213 шағын несиесін берген. Нәтижесінде 12 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері жалпы сомасы 309,6 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін алған. Оның ішінде жаңадан жеті кооператив құрылса, бұрыннан істеп тұрған бес кооператив шаруашылығын кеңейткен. Сондай-ақ, 201 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтар қаражат алғаны, оларға берілген несиенің жалпы сомасы 1 милилард 225,5 миллион теңгеге жеткені белгілі болды.

Аймақта аталмыш жоба аясында 235 жұмыс орны құрылған. Бір несиенің нақты орташа сомасы 7,2 миллион теңге шамасында. Әлбетте, «Ертіс» ӘКК» АҚ облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе қарыздардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг та жүргізген.

Белгілі болғандай, жобаны жетілдіру мақсатында «Ертіс» ӘКК» АҚ тарапынан өтінімдерді қабылдау үшін электрондық портал әзірленіпті. Корпорациядан хабарлағандай, электрондық портал әлеуетті қарыз алушылардың жобаларын қарау процесінде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өтінім қабылдауды әлдеқайда оңтайлы ете түспек.

 

Жұмыссыздар саны азайған

 

Жалпы, биыл Шығыс өңіріне аталмыш жоба аясында бес миллиардтан астам теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді деп күтілуде.

Облыста арнайы скрининг өткізіліп, оның нәтижесі бойынша 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысында аудандар мен ауылдық округтердің мамандануы, азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ету бағыттарына басымдылық берілмек. Скрининг көрсеткендей, биыл облыс көлеміндегі несиеге деген қажеттілік 5 631,2 миллион теңгені құраған. Жалпы, ағымдағы жылы бір мың жобаны жүзеге асыра отырып, 1 059 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Жиында сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов жалпы алғанда Шығыс Қазақстанда ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар тындырылғанын, соған қарамастан бұл бағыттағы жұмысты ширатып, көрсеткіштерді жақсарта түсуге болатынын айтты.

– Жергілікті ірі компаниялардың басшыларымен кездестік. Кәсіпкерлер жүз ауылға жүз бас ірі қара малын беруге келісіп отыр. Бұл – тамаша бастама. Сондай-ақ жергілікті басқарма басшылары облыстың 27 ауылында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азайғанын айтуда. Бұған қоса 24 елді мекенде жұмыссыздықтың жойылғаны белгілі болды. Мұның бәрі «Ауыл аманаты» жобасының да жемісі деп білемін. Әрине, жобаның ауқымдылығын көру үшін біраз уақыт қажет болатыны анық. Мәселелер де жоқ емес. Мысалы, бұл жолғы мәжілістің күн тәртібіне кооперативтер мәселесін шығардық. Жалпы, ауылымызды сақтап қаламыз, қалпына келтіреміз десек, сол елді мекендердің әрқайсысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірлеу мәселесіне ден қойғанымыз абзал. Бұл істі министрлік не жауапты басқарма емес, жергілікті ауылдық округтің басшылығы қолға алуға тиіс. Негізі, ауылдарымызда осындай жоспарлар әзірлейтін болсақ, бірқатар мәселені бір жақты етеріміз анық. Атап айтсақ, ауылдағы жұмыссыздықты жоюға, атаулы әлеуметтік көмек алатындар санын барынша азайтуға және халықтың әл-ауқатын, былайша айтқанда табысын арттыруға жағдай жасалмақ, – дейді Ералы Тоғжанов.

«Ауыл аманаты» – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, елді мекендердің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор мүмкіндіктер беретін жоба. Дегенмен, қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамту, ішкі миграциялық мәселелер, азық-түлік қауіпсіздігі салалары ақсаңдап тұрғанын жеткізген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жауапты органдарға осы тұрғыдағы жұмыстарды жүйелендіру керектігін тапсырды.

 

Кәсіпкерлерге қашан да қолдау бар

 

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанға сапары аясында Үкімет басшысының кеңесшісі облыс орталығының іргесіндегі Глубокое мен Ұлан аудандарына да барып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алған бірқатар азаматтың кәсібімен танысып қайтты.

Сондай кәсіпкердің бірі – глубокоелық Талғат Сыдықов былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8,5 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін алып, ол қаражатқа үш мың бас тауық сатып алған. Қазіргі уақытта мыңнан астам жұмыртқа табатын тауығы мен үш жүз бройлерлері бар кәсіпкер шаруамды кеңейтсем деп отыр.

Белоусовка кентінде орналасқан ферманың жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов мұндай бизнесмендерді жан-жақты қолдау керектігін айтып, бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға бірталай жеңілдік қарастырылғанын жеткізді.

– Қазіргі уақытта халқымыз тұтынатын 65 негізгі азық-түлік түрі бар болса, соның басым көпшілігін өзгеден сатып алуға мәжбүрміз. Негізі, сырттан әкелінген тауардың бәрін елден кетіп жатқан ақша деп білуіміз керек. Сондықтан сол өнімдерді өзімізде өндіруге күш салу қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіріп, бір ізге түсіру мақсатында қолға алынған жұмыстардың бірі әрі бірегейі – «Ауыл аманаты» жобасы. Шығыста жаңадан кәсіп бастап, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер аз емес екенін көрдім. Енді оларға бағыт-бағдар беру қажет. Облыс орталығында ірі көтерме-тарату орталығы салынып жатқанын көрдім. Бұл – өте құптарлық, тіпті өзге өңірлерде жоқ жоба десем де қателеспеспін. Себебі, кейін алыс-жақын ауылдардағы табиғи таза, сапалы азық-түлік өнімдерін өндіріп отырған кәсіпкерлеріңіз өз тауарларын осы жерге әкеліп саудалайтын болады, – деп түйіндеді Премьер-министрдің кеңесшісі Е.Тоғжанов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу