Жас ғалымдар көпшілікке ғылыми жобаларын таныстырды – ШҚО
Өскемен қаласында 13-15 сәуір аралығында оқушылар арасында ғылыми жобалар фестивалі өткен болатын. Аталмыш байқауда әр ауданнан келген жас өнертапқыш түрлі қызықты жобаларын көпшілікке таныстырды.
Оқушылардың бірі күн энергиясы негізінде құрылған экоауыл моделін жасаса, тағы бірі микроклоналды көбею әдісімен картопты сауықтыру жобасын ұсынып, келесі оқушы механикаландырылған бесік макетінің үлгісін жасап әкелген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Денис Лагутин өзінің ғылыми жобасында әдеттегі ас үйден шығатын қалдықтарды, яғни пияз, жұмыртқа қабығы, банан қабығын, шай жапырақтары, қызылша қабығы мен цитрус қабығын пайдаланған. Жас ғалымның айтуынша, олардың пайдасы орасан зор.
Фестивальдің тағы бір қатысушысы Нұрәли Жаңабаев күн батареясын пайдалану негізінде экоауылдар құруды ұсынған. Бұл – таза экологиялық технология. Ол арқылы үйді жарықтандырып, бақша суаруға да болады.
Ал Ұлан ауданының Герасимовка орта мектебінің оқушылары Мәрмәр Мәулітбек пен Нұрбол Мантай инновациялық механикаландырылған бесік макетінің үлгісін әкелген. Балалар бұл жобаға бір жыл уақыт жұмсаған. Олардың айтуынша, мұндай бесік редукторлы электр қозғалтқышының арқасында артық дыбыссыз болады. Жас өнертапқыштар бесікті қазақ ою-өрнегімен безендіріп, ұлттық әндер ойнайтын музыкалық құрылғы орнатқан.