KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 6 м/с, Ю
493.85 519.04 4.97

Риддер ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Фото: rus.azattyq-ruhy.kz

31.05.2023, 09:22 221

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Таяуда жылу орталығының жөндеу жұмыстарымен айналысатын барлық мердігер ұйымдармен алғашқы кеңес өткен болатын.

Әрбір агрегат бойынша жұмыстардың тізбесі, көлемі және олардың орындалуы қадағаланатын нақты кесте жасалады. Жұмыс үш ауысымда, демалыссыз жүргізіледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Сонымен қатар жылу орталығын толық зерттеп шыққан ұйым ұзын саны 25 апатты жерлерді тапқан, бүгіннен бастап компания оларды қалпына келтіруді бастайды.

Жазғы кезеңде ЖЭО-да барлық алты қазандық пен бірнеше турбинаға толық жөндеу жүргізіледі. Ол үшін 12 мердігер ұйыммен шарт жасалды. Бұдан бөлек, станцияның қоршауы мен жылу орталығының желдету жүйесі де жөнделеді.

– Мұнда тек жабдықты жөндеу ғана емес, сонымен қатар шатырды жабу, ғимараттың қаңқасын жылылау, көтергіш кранды қалпына келтіру және тағы басқа да жұмыстар жүргізілетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ Громотуха өзенінде маусымдық проблемалар туындамауы үшін су беру ұңғымасын жөндейміз. Оған қоса күл үйіндісіне де қосымша бардық, ол жер толып кеткен, жедел жөндеуді қажет етеді. Бұл да бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Мен жергілікті, риддерлік, атап айтқанда құрылыс компанияларын жұмысқа барынша тартуға тапсырма бердім, – деді Риддер ЖЭО-дағы жағдайды түсіндірген ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі белгіленген, 15 қыркүйекке дейін "Риддер ЖЭО" жаңа жылыту маусымына толығымен дайын болуы тиіс.

Жөндеу аяқталғаннан кейін станция өндіретін электр энергиясының көлемі 40 мегаватқа дейін артады деп күтілуде, бұл қала тұрғындары үшін тарифтік саясатқа да әсер етпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу