«Жігітім сымнан жасаған жүзік қымбат». ШҚО-дағы түрмеде неке қиылды
Шығыс Қазақстан облысында тағы да түрмеде некеде қиылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Polisia.kz-тің мәлімдеуінше, қалыңдықтің есімі – Әлия. Жиырма тоғыз жаста. Әке шешесімен бірге тұрады. Фабрикада кондитер болып жұмыс істейді екен. Бұл оның сүйікті ісі болса керек. Неке қиылатын күні өз қолымен тәтті торт пірісіп әкеліпті. Ал күйеу жігітің есімі – Арман. Отыз екі жаста. Ол ауыр қылмыс жасағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Қалыңдықтың ата-анасы бұл некеге ешқандай қарсылық білдірмеген көрінеді. Ал Арман Әлияны жастайынан танып-біледі екен.
– Өмір болған соң кез-келген адам қателік жасауы мүмкін. Жаза мерзімін толық өтеуге де бармын, өйткені бостандықта мені жақсы көріп, күтетін жандардың бар екенін білемін, – дейді Арман.
Әлия да Арманның ата-анасымен жақсы, жылы қарым-қатынаста екен.
– Неке сақинасының орынына сымнан жасалған жүзік мен үшін өте қымбат, өйткені күйеуім өз қолымен, жан дүниесімен жасады, – дейді Әлия.
Дереккөздің ақпаратына сүйенсек, дәл осы түрмеде жылдың басынан бері екі неке қиылған. Неке қию рәсімінен кейін қалыңдық пен күйеу жігіт ұзақ мерзімді кездесу бөлмесінде заңды ерлі-зайыптылар ретінде екі күн бірге тұрады.