Өскеменде бір адам коронавирусқа тексерілді
Өскеменде коронавирус жұқтырды деген күдікпен бір науқас тексерілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қала тұрғыны жуықта Тайландтан келген екен. Ол жедел респираторлық-вирустық инфекция белгілерімен амбулаториялық орталыққа қаралыпты.
ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, науқас амбулаториялық орталықтағы терапевтке ЖРВИ белгілерімен қаралған. Ол Тайландта демалыста болған екен. Әйел адам бірден инфекционистке жіберіледі. Коронавирус диагнозы расталмаған. Енді ол 14 күнге дейін үйінде карантинде болады.
- Қазіргі күні коронавирустың алдын алу мақсатында бүкіл Қазақстан бойынша, соның ішінде Шығыс Қазақстанда да жедел профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Мәселен бүгін амбулаториялық орталыққа науқас келіп түсті. Науқасты тексеріп, лабораториялық сараптама жұмыстарын жүргіздік. Оның жедел респираторлық вирус жұқтырғаны белгілі болды. Қазір ол үйінде, амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Алдағы уақытта облыстағы медициналық мекемелер вирусты болдырмау үшін аянбай еңбек етеді. Сондықтан өңір тұрғындарының алаңдамауын және сенімді ақпарат көздеріне ғана сенулерін сұраймыз, - дейді ШҚО-ның бас инфекционисті Нәзигүл Сапарғалиева.
Медициналық мекеменің қызметкерлері коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы алгоритм мен қаулыға сәйкес әрекет еткенін айта кеткен жөн.