Тұрғын үй сертификаты деген не, несиенің бір түрі ме?
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетін жандар өзінің санатқа кіретіндігін растайтын құжатты жергілікті жердегі тұрғын үй қатынастар бөліміне апарып тапсырып, сол жерден банкке жолдама алады.
Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Фархат Жилибаевтың айтуынша, бүгінгі күні тек Өскемен қаласы бойынша 350 өтініш қабылданып, оның 166-сына банкке жолдама берілген. Олардың 107-сі өзінің төлем қабілетін дәлеледеп, 97-сі қоныс тойларын да тойлап тастады. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқығы бар. Сондай-ақ бастапқы жарнаға қаржысы жетпегендер әкімдіктен бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификатын алуға хақылы.
- «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес оның екі түрі белгіненген. Бірі өте арзан кредит түрінде беріледі, ал екіншісін алғандардан миллионды қайтару талап етілмейді,-дейді Фархат Патрисұлы.
Тұрғын үй сертификаты табысы 42,500 теңгеден аспайтын жандар үшін қайтарымсыз берілсе, табысы осы сомадан асатын тұрғындар үшін пайызы 0,01% аспайтын төмен мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ бұл сертификат баспананы жаңа үйлерден пәтер аламын деп шешкендерге ғана бұйыратындығын атап өткен жөн. Қазіргі күні Өскемен қаласы бойынша мұндай көмек 30 шақты отбасыға берілмек.
Тұрғын үй сертификаты несиенің бір түрі ме?
Тұрғын үй сертификаттары Қазақстан ойлап тапқан жаңалық емес. Ол әлемде бұрыннан қолданылады. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Ресей Үкіметі біраз жылдан бері осы сертификаттарды беру кестесін бекітіп келеді. Рас, оларда да тұрғын үй сертификаты кім көрінгенге берілмейді. РФ Федералдық заңы бойынша сертификаттарға жұмыстан босатылатын баспанасыз әскерилер, ІІМ қызметкерлері, Чернобыль секілді радиациялық апаттар мен авариялар құрбаны болған немесе олардың зардаптарын жоюға тартылған ресейліктер, табиғи апат кесірінен мәжбүрлі көшушілер, Қиыр Солтүстік (Крайний Север) аудандарынан және соларға теңестірілген жерлерден қоныс аударушылар иелене алады.
Сонда бұл екеуінің айырма¬шылығы қандай? Оның біріншісі, яғни «әлеуметтік көмек» деп аталатыны – аза¬маттарға тегін, еш ақысыз жә¬не қайтарусыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаты. Екіншісі, яғни «әлеуметтік қолдау» деп аталатыны – азаматтарға бюджеттік кредит түрінде, яғни ақылы әрі қайтарымды негізде, оның үстіне шектеулі белгілі бір мерзімге ғана берілетін тұрғын үй сертификаты. Жалпы, оның тек кредит деген аты ғана, әйтпесе, пайызы өте аз – 0,01%.
«Бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, әкімші (әкімдік) өтініш берушімен және сенім білдірілген өкілмен жылдық 0,01% сыйақы ставкасы бойынша 15 жылға дейінгі мерзіммен кредиттік шарт жасасады. Бюджеттік кредиттер беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді» деп түсіндіріледі құжатта.
Қазақстанда бұл игілікке нақты қандай санаттағы азаматтар қол жеткізетінін жергілікті әкімдіктер өздері анықтайды. Әкімші бекітілген тізбені және тұрғын үй сертификаттарын алу мүмкіндігі туралы хабарландыруды интернет-ресурстарда жариялануын қамтамасыз етуі шарт. Аталған санатқа жататын азаматтар баспананы ипотекаға алуға өтініш берген кезде екінші деңгейлі банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті барлығы туралы жазбаша хабарламаны қоса ұсынады. Тұрғын үй сертификатын алу үшін мынадай құжаттар қажет: тиісті формадағы өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, жұмыс орнынан анықтама, тұрғылықты жерінен тиісті елді мекенде тұратынын растайтын мекенжай анықтамасы, несие сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және эскроу-шот реквизиттері жайындағы мәліметтерден тұратын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қарыз берудің мақұлданғаны туралы банктің хаты ұсынылуы керек.