Өскемен-Алтай тасжолын бақылайтын патрульдік автокөліктер көбейтіледі
Алтай ауданындағы стационарлық полиция бекеті қайта салынбайды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы ауданға жұмыс сапарымен барған Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев айтты.
Аудан тұрғындары жолдағы полиция бекетінің неге алынғанын, қыста Осинов өткелінен өтуге рұқсат бар-жоғын қайдан білуге болатынын сұрады.
– Алтай ауданының аумағындағы бекетті қайта салу жоспарда жоқ. Қар көшкіні қауіп төндіретін мезгілде өткелден өтуге болатынын немесе болмайтын 102 байланыс телефоны арқылы білу керек, – деді Жанарбек Бақтыбаев.
Айтуынша, шілде айында Ішкі істер министрлігінің шекаралы аудандардағы бекеттерді алып тастау туралы шешімі шыққан. Қазір облыста Шемонаиха мен Семейде ғана осындай бекет бар.
Бұдан бөлек департамент бастығы Өскемен мен Алтай ауданының ортасында қауіпсіздікті күшейту үшін жол патрульдік көліктерін көбейтетінін айтты. Бұрын бір көлік болса, енді үшеуі жүреді.