Өскемендік жігіт өзін-өзі өртемек болды
Өскемендік жігіт өзін-өзі өртеп жібермек болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға 23-ші тамыз күні кешкі уақытта болған. 102-ге хабарласқан қала тұрғыны Добролюбов көшесіндегі үйлердің бірінде айғай-шу шыққанын айтқан. Көп ұзамай аталған мекенжайға патрульдік полицияның экипажы Серік Нұриханов пен аға-лейтенант Азат Артымбаев келген.
ШҚО Полиция басқармасы мамандарының айтуынша, жақындарымен сөзге келіп қалған жігіт көппәтерлі тұрғын-үйдің подъезіне шығып қолына 5 литрлік бензин ыдысы мен оттықты алып шу көтерген. Ол аздай екінші қолына бұрауышты ұстап алған көрінеді. Тәртіп сақшыларын көрген бойда, өз-өзімді өртеп жіберемін деген жігітпен аға-лейтенант Азат Артымбаев 50 минут бойы диалог құрып ойынан қайтарыпты.