"Үстеріңнен жағымсыз иіс шығады" Тұғылдың тұрғындары поштаға кіре алмай жүр (ВИДЕО)
Әлеуметтік желілерді шулатқан бұл бейнежазбаны ШҚО, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылының тұрғындары түсірген. Не мәселе дейсіз бе?
Тұғылдың тұрғындары Қазпоштаға кіре алмай жүр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Маңдай тер, табан етпен тапқан ақшамызды алудың өзі қиынға соғып жүр. Пошта қызметкерлері бізді поштаның ішіне кіргізбейді. Кіргізсе де, бес адам кіріп, сағаттап жоғалады. Кезекті далада күннің астында күтеміз. Кейде тіпті зейнеткерлердің қан қысымы көтеріліп құлап жатады. Ғимарат ішіне кірейік десек, үстеріңнен жағымсыз иіс шығады, қазір кірсеңдер жұмыс істемейміз, ақшасыз қаласыңдар деп қоқанлоққы көрсетеді, - дейі ашуға әбден булыққан ауыл тұрғындары.
Тұрғандарды шеттен тыс озбырлықтарымен әбден шаршатқан пошта қызметкерлері, бұл қылықтарын, аудан орталығы Ақсуаттың тапсырмасы деп түсіндіреді екен.
Бұл туралы Тұғыл ауылдық округінің әкімі Әділ Егінбаевтың айтары бар.
-Ауылдағы пошта орналасқан ғимарат тым тар. Қазір 1 адам ғана жұмыс істеп отыр, осыған дейін 2 қызметкері сыбайлас жемқорлық фактісімен жұмыстан шығып кеткен. Халық поштаның ішіне сыймайды. Жуықта мәселе шешіледі, жаңа орын қарастырып жатырмыз,-дейді ауылдық округ басшысы.
Ал, Қазпошта акционерлік қоғамы болса, ауыл тұрғындарынан кешірім сұрап, берілген ақпаратты тексеретіндерін, және оған тиісті іс-шара қолданатындарын жеткізген.