Жармада автобус жүргізушісі мас күйінде ұсталды
ШҚО-да үш тәулік ішінде қоғамдық көліктердің 370 жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өткен аптада облыс аумағында «Автобус» жедел-алдын алу шаралары жүргізілген болатын.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 370 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану бойынша 68 жағдай, маневр жасау ережелерін бұзу бойынша – 75, жылдамдықты асыру бойынша – 24 жағдай тіркеліп отыр. Автобус парктеріндегі лауазымды тұлғаларға қатысты 4 хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, шараны өткізу барысында автобусты мас күйінде басқарған жүргізуші де анықталды. Жарма ауданында Қалбатау ауылына жолушы таситын қоғамдық автобустың жүргізушісі ұсталып, әкімшілік іс қозғалды. Маршруттық көліктің иесі де әкімшілік жауапкершіліке тартылып, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.