Мектептегі қауіпсіздік ережелері өзгертіледі
Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты бұйрықты көпшіліктің талқылауына шығарды. Бұл туралы "Ашық" НҚА порталында жарияланды.
Енді оқушы мектептен тыс жерлерде жүрсе, жауапкершілік ата-ана мен өзге де заңды өкілдерге жүктелуі мүмкін, деп хабарлайды Altaynews.kz.
"Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін және білім беру ұйымынан тыс жерде өткізілетін оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес педагогтерге жүктеледі», - делінген өзгерісте.
Сонымен қатар, оқушы сабақ үстінде тәртіпсіздік жасаса, оны сыныптан шығарып жіберуге рұқсат етілмейтіні айтылған. Яғни білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ, ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді.
Айта кетейік, бұйрық 28 наурызға дейін көпшіліктің жария талқылауында болады және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.