KZ
Өскемен
-13°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Үкімет жасақталды. Жаңа есімдер бар ма?

4.04.2023, 18:14 331 Оразай Жеңісұлы

Ел Үкіметі толық жасақталды. Жаңартылған құрамнан жаңа екі есім ғана көрінді.

Оның бірі – Сыртқы істер, екіншісі Энергетика министрі, деп хабарлайды Altaynews  тілшісі.  

Үкімет басшысы ауысқан жоқ. 30 наурызда Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындауға келісім берген болатын.

Үкімет аппаратының басшысы да орнында қалды. Президент Жарлығымен Ғалымжан Қойшыбаев вице-премьер – Үкімет Аппаратының Басшысы болды.

Үкімет мүшесі атанғандардың бірі – Мұрат Нұртілеу. Нақтырақ айтсақ, Президент Жарлығымен Мұрат Нұртілеу Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Осылайша, ол бұған дейін атқарған Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымынан босатылды.

Мұрат Әбуғалиұлы 1976 жылы Алматы қаласында туған.

1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған.

1998-1999 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі.

1999-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы атташесі.

2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы.

2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі.

2007 жылы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы.

2007 жылы – Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары.

2007-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аппаратының басшысы.

2011 жылы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.

2011 жылы – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры.

2011-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) тұрақты өкілдігінде кеңесші-уәкіл.

2014-2016 жылдары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары.

2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы.

2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.

2021-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

2022 жылғы қаңтар – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. Үйленген, 4 баласы бар.

Екінші жаңа есім – 2021 жылдың наурыз айынан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Алмасадам Сәтқалиев. Ол Энергетика министрі лауазымына тағайындалды. Ал бұған дейін осы қызметті атқарған Болат Ақшолақов Президент кеңесшісі болды.

Алмасадам Майданұлы 1970 жылы 31 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді.

1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, механик, математик. Экономика ғылымдарының кандидаты. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.

1992 жылғы тамыздан – «ТаССат» ЖШС директоры.

1997 жылғы қыркүйектен – «ҚазТрансОйл» ҰМТК» АҚ менеджері, клиринг департаментінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі департамент басшысы.

1998 жылғы тамыздан – «ҚазТрансОйл» ҰМТК» АҚ басқарушы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті.

2001 жылғы қаңтардан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ қаржы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті.

2003 жылғы қарашадан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті. 2006 жылғы мамырдан – «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ-ның «КЕGOC» АҚ бойынша топтың басқарушы-директоры.

2006 жылғы желтоқсаннан – «Самұрық» Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ электроэнергетикалық активтерді басқару жөніндегі директоры.

2007 жылғы қаңтардан – Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары.

2007 жылғы қыркүйектен – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ президенті.

2008 жылғы қазан айынан бастап – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті.

2009 жылғы желтоқсаннан – «Электр желiлерiн басқару жөнiндегi Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ-ның басқарма төрағасы.

2011 жылғы маусымнан – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры.

2012-2018 жылдары – «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы.

2018-2021 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ активтерін басқару дирекциясының басшысы – басқарушы директоры, «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

2021 жылдың наурыз айынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келді.

Үкімет басшысының тағы бір орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өз қызметінде қалды.

Алтай Көлгінов те Үкімет басшысының орынбасары лауазымын атқара береді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерұлан Жамаубаев та Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі болып қайта тағайындалды.

Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қызметінде қалды.

Қорғаныс министрі де өз орнында қалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Руслан Фатихұлы Жақсылықов қызметіне қайта тағайындалды.

Әлібек Қуантыров Ұлттық экономика министрі лауазымын қайта иеленді.

Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі қызметін атқара береді.

Азамат Есқараев Әділет министрі болып қайта бекітілді.

Тамара Дүйсенова да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде қалды.

Жыл басында ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалған Марат Қарабаев та өз орнында қалды.

Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрі ретінде қайта тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Батырбекұлы Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды.

Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы қызметінде қалды.

Дархан Қыдырәлі де Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін жалғастыратын болды.

Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігіне басшылық етуді жалғастырады.

Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды.

Ғани Бейсембаев та Оқу-ағарту министрі лауазымында қалды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу