KZ
Өскемен
+2°
небольшая облачность жел 7 м/с, ОШ
495.95 524.37 4.98

ШҚО әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

10.07.2023, 19:32 341 Ләззат Қанатқызы

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, мазалаған сұрақтарына жауап берді.

Аймақ басшысының қабылдауына әр аудан тұрғындары түрлі мәселемен жүгінді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мәселен, Шемонаиха ауданындағы Зевакино арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын Гүлнар Нұрханова мен Владимир Жарких орталық қызметкерлері өз міндеттерін тиісінше орындамайтынын айтып шағымданды.

– Өткен жылдың маусым айында мені орталықтан заңсыз шығарып жіберді. Мен сотқа жүгініп, бұл әрекеттерінің заңсыз екенін дәлелдеп шықтым. Нәтижесінде, сот шешімімен мені орталыққа қайта қабылдады, бірақ кінәлілер әлі күнге дейін жазаланбады, – дейді Гүлнар Нұрханова.

Ал, Владимир Жаркихтың айтуынша, соңғы уақытта орталықтың ас мәзірі де нашарлап кеткен көрінеді.

– Мәселелердің үлкен-кішісі болмайды. Мемлекеттік қызметтер толық көлемде және тиісті сапада көрсетілуі тиіс. Ас мәзірін қайта қарап, қолжетімді шеңберде оны әртараптандыру керек. Қызметкерлердің кінәсіне келетін болсақ,бұл істі біз бақылауға аламыз, – деп атап өтті облыс әкімі

Өңір басшысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жағдайды анықтауға тапсырма беріп,орталыққа жеке баруға уәде етті.

– Облыс әкімі бізге үлкен құрметпен қарады. Сол үшін және уақыт бөлгені үшін ризамын. Жақын арада проблемалар шешіледі деген үміттемін, – дейді Владимир Жарких.

Алтай ауданының тұрғыны Сәуле Бақтиярова Жаңа Бұқтырма кентіндегі аурухана қашан жөнделетіні жайында сұрады. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған. “Тепловодоцентраль” КМК-да да дәл осындай жағдай.

Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафинның сөзіне сүйенсек, байқау өтіп, қаражат бөлінген. Бірақ анықталған мердігер қандай да бір қиындыққа тап болғандықтан жұмыстарды әлі бастамапты. “Тепловодоцентраль”КМК-да жобалық-сметалық құжаттама 2020 жылы әзірленген және қосымша қаражат тарту үшін оған түзету енгізу қажет.

– 2020 жылғы бағалар 2023 жылғы бағамен сәйкес келмейтінін біле тұрып, істі бастаудың не қажеті бар? Менеджмент жоғары деңгейде емес. Әркім өз ісімен айналысуы керек. Аудан әкімі бола тұра тұрғындар аудандағы проблемалармен неліктен маған жүгінуі керек? – деді Ермек Көшербаев.

Жағдайды егжей-тегжейлі түсіну үшін облыс әкімі бейінді басқармаларға осы мәселелер бойынша барлық қажетті ақпаратты дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ Сәуле Бақтиярова Жаңа Бұқтырма кентінде өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына күрделі жөндеу жүргізу және Аналар үйін салу қажеттігін де атап өтті.

– Бізге отбасылармен жұмыс істеу үшін осындай үйлер қажет. Өкінішке қарай, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны артып келеді, – деп атап өтті ол.

ШҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Лео Шикті Достық үйлерінің және "Ұлттық тілдер мен мәдениеттерді жаңғырту" мектебінің қызметін жетілдіру қажеттігі толғандырған. Ол барлық этностардың өкілдері ана тілін ғана емес, мемлекеттік тілді де білуі керек деген ұстанымда.

Сонымен қатар өңір тұрғындарын Ахмерде дәрігерлік амбулатория салу, Зайсан ауданының Дайыр ауылында балаларға арналған сауықтыру-оңалту орталығы, Күршім ауданының Маралды ауылында туризмді дамыту, тағы басқа мәселелер толғандырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу