ШҚО драма театры Баян-Өлгейге гастрольдік сапармен барды
Шығыс Қазақстан облыстық драма театры Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына гастрольдік сапармен барып қайтты.
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы – қандастарымыздың тығыз қоныстанған мекені. Ондағы қандастарымыз қазақтың тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін көзінің қарашығындай сақтап, әлдилеп келеді. Жақында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының шығармашылық ұжымы осынау өлкеге гастрольдік сапармен барып қайтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Маусым айының 19-24 күндері аралығындағы гастрольдік сапардың мақсаты – Баян-Өлгейдегі қандастарымыздың назарына ең таңдаулы қойылымдарды ұсынып, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыру.
Атажұрттан барған өнер ұжымы баянөлгейлік қандастардың назарына Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» психологиялық драмасы мен Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» атты музыкалық комедиясын ұсынды. Қазақтың өнеріне сусап отырған тұрғындарға өскемендік театр ұсынған екі қойылым да ерекше ұнады.
– Қазақта «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген сөз бар. Бұл, шынында да, екі аймақты рухани жақындастыра түскен сапар болды. Қойылым баянөлгейлік бауырларымызға қатты ұнады. Өзіміз де ондағы өнер мен мәдениеттің туын биік ұстап жүрген бауырларымызбен етене араласып, қуанып қалдық, – дейді Шығыс Қазақстан драма театрының актері, Мәдениет қайраткері Ертай Хасенов.
Моңғолиялық әріптестер қазақстандық өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, театрдың директоры Руслан Қайырсыновқа, актерлер Хамит Халық, Жасұлан Серкетаев, Айым Бегматқа Баян-Өлгейдің құрмет белгісін табыстады.