SealVans – қосмекенді көлік
Теңізге де, құрлыққа да саяхатқа шыққанды жаны сүйетіндер үшін тағы да бір жағымды жаңалық бар. Көршілес түрік елі SealVans атты саяхатқа арналған қосмекенді көлік түрін жұртшылыққа ұсынды.
Жаз шығып, демалыс басталғанда әркім өз демалысын өзінше жоспарлайды. Бірі су жағасында жүрсе, енді бірі құрлықта, тау етегінде демалғанды құп көреді. Осыған байланысты да керекті техникасын, қайығын, я болмаса, жазықта жүруге арналған көліктерін сайлайды. Ал суда да, құрлықта да саяхаттағанды ұнататындар кейде көлік мәселесіне келгенде қиналып қалатындары бар. Аталмыш мәселеден шабыттанған түрік өнертапқыштары жаңа техниканы әлем назарына ұсынды.
SealVans атауына ие болған көлік – суда да, жазықта да жүре беретін әмбебап құрал. Оны суда қайық ретінде пайдалансаңыз, құрлықта дөңгелекті үйіңізге айналады. Оның құрылымы да ықшамды әрі ыңғайлы. Кез келген жерге көлігіңізге тіркеп алып барсаңыз болады.
SealVans-тың екі түрі бар. Бірінші нұсқасы – Seal 4.20m, өте ықшамды, екі адамның саяхатына арналған. Екінші модель – Seal 7.50m, үлкен компанияға, отбасылық саяхатқа жарамды. Оған төрт адамға дейін сыяды. Екі модельде де панорамалық терезелер мен шатырлар бар. Сонымен қатар саяхат кезінде жайлылықты қамтамасыз ететін шағын ас үй мен душ бөлмесі де орнатылған.
Аталмыш техниканың тағы бір ерекшелігі электрлі моторының болуы. Сонымен қатар оған Honda қозғалтқышы да орнатылған. SealVans су бетінде 24 км/сағ жылдамдықпен қозғалуға қауқарлы.
Өнертапқыштар қосмекенді көліктің нақты бағасы қанша болатынын әлі айтпады. Дегенмен, саяхатшылардың қалтасы көтеретіндей болады деген болжам бар.
Ынтымақ Толқын