2,4 млн гектар аумақтағы өрт спутниктің көмегімен анықталды
Фото: flashsiberia.com
Кейінгі жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 2,4 млн гектар аумақтағы өрт учаскелері анықталды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов өрттерді анықтау бойынша Қазақстанның барлық аумағына мониторинг жүргізілгенін атап өтті.
«Төтенше жағдайлар министрлігі үшін су тасқыны жағдайында және орман, дала өрттері туындаған кезде уақтылы шешім қабылдау үшін ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Бұл тиісті мемлекеттік және аумақтық органдардың төтенше жағдай мен оның салдарын одан әрі жою үшін жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде төтенше жағдайлардан келтірілген залал азаяды. Мониторинг Қазақстан аумағының 272 млн гектарын қамтыды. Бұл 100%-ды құрайды. 2022 жылы ең көп өртенген аумақтар Шығыс Қазақстан облысында – 635 мың гектар, Қарағанды облысында – 492 мың гектар, Павлодар облысында – 223 мың гектар», – деп деректер келтірді Баубек Оралмағамбетов.