KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
493.85 519.04 4.97

ШҚО-дағы өзеннің ластануына қатысты министр пікір білдірді

Фото: КазТаг

31.07.2023, 16:48 160 Оразай Жеңісұлы

Үлбіден бөлініп ағатын Тихаяның бір саласы – Филипповка өзені ластанып жатыр. Дабыл қаққан тұрғындар су бетінде сүтті реңк пайда болғанын айтты. Кейінірек «Казцинк» ЖШС-не қарайтын Риддер тау-кен байыту кешенінің төменгі қоймасында пульпа құбыры жарылғаны белгілі болды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі КазТаг агенттігіне сілтеме жасап.

«Жалпы, экологиялық бақылаудың мақсаты экологиялық зиянды анықтау ғана емес. «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидасына сәйкес, ластаушы тарап табиғаттың бұзылған компонентін бастапқы күйіне келтіреді», - деп жазды З.Сүлейменова.

Министр әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершіліктен бөлек ремедиация жоспары жасалып, жүзеге асырылатынын атап өтті.

Мамандар су сынамаларын алды. Оқиғаның салдардын құбырды босату мақсатындағы жұмыстың технологиялық процестері тоқтатылды.

«Технологиялық процесс резервтік пульпа құбырына ауыстырылды. Кәсіпорын техникасымен жер бедеріндегі пульпа жиналып, апаттық тоғанға шығарылды», - деп мәлімдеді облыстық экология департаменті.

Сондай-ақ өңір тұрғыны Мешковтың «Казцинкке» қатысты шағымы негізінде жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізілетіні туралы айтылды.

«Химиялық талдаулар, су объектілері мен балық ресурстарына келтірілген экологиялық залалды бағалау нәтижелері бойынша жинақталған материалдарды қылмыстық іс қозғау үшін тексеру полиция органдарына жіберу жөнінде шешім қабылданады. Қазіргі уақытта залал сомасы нақтыланып жатыр», - делінген хабарламада.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу