Өскеменде тағы бір аула абаттандырылды
Облыс орталығында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тағы бір аула абаттандырылды.
Назарбаев даңғылындағы 77/1-үйдің ауласында балалар алаңы мен демалыс орны жабдықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мердігер – «Қазстрой Group LTD» ЖШС абаттандыруды аяқтауға жақын. Қала әкімі Жақсылық Омар жұмыс қызып жатқан аулаға барып, тұрғындармен әңгімелесті.
Шаһар басшысының айтуынша, дәл осы үйдің жанында, даңғыл бойында аллея да бар көрінеді.
Тұрғындар тиімді бағдарламаға, тыңғылықты жұмысқа ризашылық білдірді. Ал қала әкімі ауланың тазалығына ұқыпты тұрғындарға қашан да қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Айта кетейік, биыл облыс орталығындағы 11 тұрғын үй ауласына шағын сәулеттік нысандар орнатылады.