KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

ШҚО-да ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатыр - министр

6.12.2023, 17:00 175 Ләззат Қанатқызы

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ШҚО-да ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы еліміздегі шаруаларға қиынға соққаны рас. Әсіресе, жаздағы қуаңшылық пен күздегі толассыз жауған жаңбыр диқандар қауымына айтарлықтай кесірін тигізді. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы саласына Үкіметі тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп отыр.

– ШҚО-да шаруашылықтар жақсы дамып келеді. Әсіресе, мал шаруашылығының қарқыны жоғары. Оған жыл сайын 3-4 шаруашылықтың ашылып, қатарға қосылуы дәлел. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Үкімет тарапынан да жеткілікті қолдау бар. Өз шаруашылығын ашқан кәсіпкерлерге инвестициялық субсидия, жеңілдетілген несие беріледі. Келер жылы еліміз бойынша осы салаға 100 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бірақ қиыншылықтар да жоқ емес. Осы жыл ауыр болғанына қарамастан қажетті көлемде астықты жинап алдық. Ішкі нарықты қамтамасыз ете аламыз. Экспортты да сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Қиын жағдайға тап болған шаруалардың несиесі өсімпұлсыз ұзартылды, - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ министр «Восток молоко» ЖШС-ның жаңартылған ірімшік цехының жұмысымен танысты. 
Бүгінде аталған компания 420-дай адамды жұмыспен қамтып отыр. 2021 жылдан бері кәсіпорын ірімшік өндірісін кеңейту жобасын іске асыруда. 
Қазір сүт комбинатының үй-жайларында құрылыс-монтаждау жұмыстарының 90%-ы орындалды, ірімшік өндірісінің технологиялық желісінің жабдықтарын монтаждау жүргізілуде. Пайдалануға беру мерзімі биылғы желтоқсан айына жоспарланған. Жобаны іске асырғаннан кейін шикі сүтті өңдеу көлемі тәулігіне 200 тоннадан 300 тоннаға дейін артады.

-    Бүгінде біз сүт және сүт өнімдерінің 80 түрін, ірімшік, сүзбе, сары май, йогурт, биойогурт, айран шығармыз. Тек құрғақ сүт, балмұздақ пен қойылатылған сүт шығарылмайды. Құрылғылар Жапония, Италия, Швеция және Ресейден әкелінген, - дейді кәсіпорын директоры Сейілжан Сайлаубаев. 

Министр ел экономикасына елеулі әсер ететін ірі кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. 

-    «Восток молоко» ЖШС – өңірде қарқынды жұмыс істеп тұрған зауыттардың бірі. Жылына 80 мың тонна сүт өңдейді. Сүт өнімдерінің 80 түрі шығарылады. Үкімет тарапынан осындай кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп те жатыр. Алдағы уақытта да көрсетіле береді, - деді министр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив