Халықтың көкейіндегі көп сұраққа жауап берілді
Аскерхан Ақтай, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» басылымына көлемді сұхбат берді. Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайларды жан жақты толғаған, кезеңдік оқиғаларға сараптап баға берген, сүбелі сұхбат болыпты.
Президент сұхбатында: «2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық» деп Ата Заңымызға енген өзгерістерге тоқтала отырып, конституциялық Сот жұмысының басталуы, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайлауы, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауына тоқталып, саяси жаңғырудың маңызын жеткізді.
Сонымен қатар әділ және бәсекелі экономика жүйесін құру жайлы бастамаларын айтып, еліміздің қазіргі экономикалық әлеуеті жайлы жан жақты ақпарат берді. Әсіресе жаһандық бәсекелестікке қабылетті болу үшін экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды екендігін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың идеология саласындағы мәселелерді шешудегі ролін де саралап өтіп, биылғы көктемде өтетіндігін жеткізді. Өз кезегінде Ұлттық Құрылтай ұлттық мемлекетіміздің ұлттық мүддесін басты орынға қоятын, қоғам қайраткерлерін топтастырған саяси алаң деңгейіне көтерілді. Бұған халық та куә.
2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтетіндігін айтып өтті. Бұл Қазақстанның саяси салмағының арта түскендігінің белгісі.
Әсіресе елімізде биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуі зор мәртебе болмақ. Осы арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, оны әлемдік деңгейде ұлықтауға мүмкіндік туып отыр деп ойлаймын.
Сонымен қатар биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтауы жаңа заман толқынындағы еліміздің тарихының жаңаша жазылуы жаңа Қазақстанның зор бетбұрысы дер едім. Себебі тарих жалаң фактілерден арылып, өткенімізге шынайы баға беріліп, уақыттың қалтарысында қалған оқиғаларды ұрпақ жадында жаңғырмақ.
Президент сонымен бірге қаңтар оқиғасына ерекше баға беріп, себеп-салдарына терең үңіліп, халықтың көкейіндегі сауалдарға нақты жауабын беріпті. Бір сөзбен айтсақ, біз біле бермейтін көп ақиқатты ашып, бұл бағыттағы алып қашпа әңгімелерге нүкте қойды.
Азаматтардың банк және қаржылық ұйымдардың алдындағы берешегі бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Сұхбатта «Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек» деп маңыз беріп, шешілу жолдарын айтыпты. Президент: «Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі» деп бұл салаға қатысты батыл шешімін айтып өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты «қасіретке айналдыруға» ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр» деп әлеуметтік желідегі алып қашпа ақпараттарға сене бермеуге, халықты байыпты ұстанымда болуға шақырды.
Сонымен қатар АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетіндігін қадап айтып, бұл бағытта терең зерделеу қажет екендігіне тоқталды.
Мемлекет басшысының: «Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек», – деген ұстанымы маған ерекше ұнады. Наурыз мейрамы арқылы көптеген құндылықтарымызды тірілтіп, салт-санамызды жаңғыртып, дәстүрді дәріптеуге мол мүмкіндік туады деген ойдамын.
Қазақстанның сыртқы саясатының барысы туралы да көкейтесті пікірлерін айтып, еліміздің ұстанымының оң бағытта екендігінен хабардар етті. Екі алып көршімен ғасырларға жалғасқан қарым-қатынас мәселесін әлемдік саясаттағы мәселелерді, экономикалық жағдайды бағамдай отырып, жаңаша бағытта өрістеп жатқандығын атады.
Қорыта айтсам, бұл сұхбат – халықтың білгісі келген жайттарына жауап берген, еліміздің өткен жылғы бағыт-бағдарын, жетістігі мен өзгерістерін айқындаған өзекті, салмақты сұхбат болды.