Ауылға баратын медицина қызметкерлеріне төлемақы беріледі
фото: depositphotos.com
Өткен жұма күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау заңнамасына түзетулер енгізетін Заңға қол қойды. Енді ауылға бес жылдан астам уақытқа жұмыс істеуге баратын, мамандықтары өте тапшы медицина қызметкерлеріне біржолғы төлем жасалады.
Оның мөлшері 100 ең төменгі жалақыны құрайды. Бұл дегеніңіз 8,5 миллион теңге, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кейінгі жылдары ең төменгі жалақы өскен сайын біржолғы төлемнің де мөлшері ұлғайып отырады. Менің ойымша, бұл біздің ауыл тұрғындары үшін өте жақсы жаңалық. Осындай жолмен ауылдық ауруханаларда жұмыс істеу үшін білікті мамандарды көбірек тартуға болады.
Ауылда кем дегенде бес жыл жұмыс істеу керек деген шарт ауыл тұрғындарын білікті де сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін жеткілікті мерзім.
Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың басында ауылдық жерлерде 68 мыңнан астам медициналық маман, оның ішінде 13 мыңнан астам дәрігер жұмыс істеген. Бірақ кадрларға деген қажеттілік әлі де жоғары болып қала береді. 10 мың ауыл тұрғынына барлығы 18,08 дәрігер мен 72,52 орта медицина қызметкері келеді.
Егер он мың адам бір ауылда тұрса, бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда он мың адам шалғайдағы шағын елді мекендерде шашыраңқы қоныстануы да мүмкін. Оларға сапалы көмек алу әлдеқайда қиын. Сол себепті оларға аудан орталықтарына немесе тіпті облыс орталықтарына сабылуға тура келеді.
2023 жылы ауылдық жерлерде медициналық кадрларға деген қажеттілік екі мыңнан астам адамды, оның ішінде мыңнан астам дәрігерді құрады. Жалпы практика дәрігерлері мен терапевттер , акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар мен педиатрлар ең сұранысқа ие мамандықтар болып қала береді.