Глубокое ауданында кейуана 101-ге толды

Зинаида Гордеева – Черемшанка ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері, еңбек ардагері. Ғасыр жасап отырған кейуана әрі тың, әрі жаңашыл. Мұны ұялы телефонды оп-оңай қолданып отырғанынан аңғаруға болады. Тағырдың ауыр жолымен жүріп өтсе де, еңбек майданының майталманы мойымаған сыңайлы.
– Астық бастырдық, картоп отырғыздық, шөп жинадық – барлық жұмысты істедік. Жастайымыздан ересектермен қатар еңбек еттік. Бірақ балалық шағымды бақытсыз болды деп айта алмаймын. Балаң күніміз жалаң аяқ болса да, өзімше қуанып, өзімізде шаттанатын едік, – дейді кейуана.
Зинаида апаның отбасылық өмірі де өз арнасын бірден тауып кетпеген екен. Күйеуі майданнан өзге біреумен көңіл жарастырып оралған. Осыдан кейін бала-шағаның тәрбиесі, тұрмыстық ауыртпашылық оның нәзік иығына түседі. Бір өзі бүкіл ғұмырдың қиындығын арқалаған ана бұл күнде 101-ге толды.
– Ұзақ өмір сүрудің құпиясын айта алмаймын. Өйткені ондай «құпия» жоқ. Өз өмірімнен түйгенім – үнемі қимылдап, ерінбей еңбек ету керек. Күнтізбеге емес, алға қарап, адал еңбек етіңдер, – дейді бір ғасырдың куәсі.