Өңірді дамытуға 18,5 млрд теңге: ШҚО әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС жаңа жобаларды іске асырмақ
ШҚО әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Биыл компания өңірдегі әлеуметтік жобаларға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Басты жобалар қатарында медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, Риддердегі мектеп құрылысы мен жабдықтау, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары бар.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, меморандум аясында жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын жобалар іске аспақ. Оның 10 млрд теңгесі бюджеттен, ал 1 млрд теңгесі «Казцинк» тарапынан қаржыландырылады. Компания Риддерде мектеп құрылысына 5,5 млрд теңге, хоккей инфрақұрылымын дамытуға 1,5 млрд теңге бағыттайды. Жалпы, 2025 жылы инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгеге жетпек.
«Казцинк» бас директоры Жанат Жанботин әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету компанияның басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын жергілікті халықтың бастамаларына назар аударып, аймақтың әл-ауқатын арттыруға мүдделі.
Фото: Махаббат Ахметжанова