ШҚО-да 1906 жылы салынған көпестің үйі сатылымға шығарылды

Зайсан қаласында 1906 жылы салынған саудагер-көпестің үйі сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл хабарлама krisha.kz сайтына шықты. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, қазір ғимарат кеңсе ретінде пайдаланылады. Аумағы – 475 шаршы метр. 1906 жылы Жүсіп Әбілханов есімді көпес салдырған үй 50 миллион теңге деп бағаланды. Кезінде бұл үйді сәулет өнерін өз бетінше меңгеріп, кейіннен халық сәулетшісі атанған Баязит Сәтбаев жобалап, тұрғызған көрінеді.
Сәулетші Сәтбаев туралы тағы біраз дерек келтіретін болсақ, ол 1870 жылы Аягөз ауданында дүниеге келген. 15 жасында жұмыс іздеп Семейге барып, тас қалаушы шеберден бастап құрылыс нысанының басқарушысына дейінгі баспалдақтардан өткен. Сәулетші 1900 жылы Зайсанға шақырылып, онда 30-дан астам жобаны жүзеге асырады. Сондай-ақ Баязит Сәтбаев өзі сызба жасап, құрылыс материалдарын да өзі таңдаған екен.
Сатылымдағы ескі нысан өзге ғимараттардан безендірілу тұрғысынан ерекшеленеді. Нысан қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.
Сәулетші Баязит Сәтбаев: