ШҚО-да әскери қызметкерлер Халық қаһарманының медаліне ие болды
Өскемен гарнизонында Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына гарнизон бастығы подполковник Аслан Кітапбаевқа және бірқатар әскери қызметшілерге «Ұлы Жеңіске 75 жыл-Халық Қаһарманы С.Қ.Нұрмағамбетов» медалі табысталды.
Мерейтойлық медальды «Қарулы Күштер Ардагерлері» РҚБ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, ҚР Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері, отставкадағы подполковник Төкен Біләлов тарту етті.
«Өскемен қаласы бойынша ҚР ҚК ардагерлер кеңесінде өткізілген кеңестің шешімімен гарнизондағы белсенді жастар мен ҰОС ардагерлерінің ұрпақтарына, яғни әскери қызметшілерге медальдарды беруді ұйғардық» - дейді ҚР Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері Төкен Біләлов.
Сондай-ақ, гарнизон басшысы Аслан Кітапбаев жеке құрам атынан «Қарулы Күштер Ардагерлері» РҚБ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасына алғыс білдірді.
«Аға буынның кішіге ізет білдіріп осындай іс-шара жасағандары көңіл қуантарлық жағдай. Осы орайда аға буын қазіргі уақытта әскери қызметтегі біздерге бағдарлы жол. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойына Отаншылдық рухын сіңіруге үлгі екені анық», - деді гарнизон бастығы подполковник Аслан Кітапбаев.