KZ
Өскемен
+18°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

Шаңғы теуіп, шыңдалып қайтам десеңіз

19.12.2018, 12:00 250

Бұралаңы көп тау жолындағы іркес-тіркес кетіп бара жатқан көліктердің қатарында біз де бармыз. Бетке алғанымыз Өскеменнен отыз шақырымдай жердегі Алтай Альпісі. Қазандай қайнаған қаланың тірлігінен бір уақыт сергіп, шаңғы теуіп қайтсақ дегенбіз.


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстық туристік-ақпараттық орталықтың ұсынысымен ол жаққа тегін автобус жүріп, бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Жай күні арқан жолмен таудың ұшар басына көтерілу 500 теңге болса, бұл күндері елу пайыз жеңілдік жасалыпты. Сол екі күнде Алтай Альпісіне шаңғы тебуге барғандардың саны төрт мыңға жеткен. Біреулер тау шаңғысын өздерімен бірге ала барса, енді біреулер шаңғы базасынан жалға алып теуіп жүр. Ол жерден жалға алсаңыз екі сағаты 3000 теңге. Қалауыңызға қарай стюб, сноуборд алып сырғанауға да болады. Бірақ кешкі сағат бестерден кейін стюб берілмейді. Балалардың қауіпсіздігі үшін шығар. Қауіпсіздік демекші, мұнда жедел жәрдем қызметі де бар.



Көз байланғаннан кейін шаңғы жолында жарқырап шамдар жанды. Демалушылардың бірі кетіп жатса, бірі келіп жатыр. Әйтеуір ығы-жығы халық. Қарға аунап, беттері домбыққан бала-шаға. Кешеннің аумағындағы шайхананың да жұмысы қыза түскен. Тоңғандар сонда кіріп бойларын жылытады.



- Отбасымды алып, таңертеңгі тегін автобуспен келдік. Жолдың кейбір тұстары көкмұз дегені болмаса, қалаға жақын. Демалысымыз жақсы өтті. Әлі сырғанап жүрміз. Балалар мәз. Енді кешкі алтыдағы автобуспен қайтамыз, - деп қолындағы сағатына қарады Ақжан Бейсенбаев.


Шаңғыны жалға алған уақытымыз өткен соң, үйді-үйімізге қарай біз де аяңдадық. Аяғыңызға шаңғы байлап, шыңдалып қайтам десеңіз шаңғы базалары қаланың іргесінде. Біз қайтып бара жатқанда Алтай Альпісінде «Назад в СССР» деген шаралары басталып жатқан...


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив