Халық емшілері бақылауға алынуы мүмкін
Еліміздің мәжіліс депуттары халық емшілері мен бақсылардың бақылаусыз әрекет етуіне алаңдаулы. Осыған орай халық емін бақылауға алу туралы мәселе көтеріліп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәжіліс депутаты Ахмет Мұрадовтың айтуынша, Қазақстанның нарығында қытай, ислам және басқа да дәстүрлі емес ем түрлері кеңінен таралған екен. Оны алаңдататыны, бұларға денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бақылау жүргізілмейді.
-Ешқандай бақылау жоқ, адамдар өз бетінше емделуде. Ондағы қаржы айналымын елестетіп көріңіздер. Ем ақысы аса қымбат, ал нәтижелері жаман аяқталып жатады. Жағдайлары әбден нашарлағанда ғана медициналық көмекке жүгіне бастайды, - дейді ол.
Халық емшілері емделушіге ешқандай кепілдік бермейді. Оларды жауапқа тарту да қиынға соғады екен.
-Бұл мәселені зерттеп, қажет болса оған жұртшылықты кеңінен араластыру қажет, - деген ұсыныс жасап отыр мәжілісмен.