«Ertis city» үйлерінің іргетасы туралы мамандар не дейді?
Өскемендіктердің көкейінде: «Солжағалауда орналасқан «Ertis city» тұрғын үй кешенінің сапасы сын көтере ме? Саздауыт жерге салынған үйлердің іргетасы уақыт өте келе сыр бермей ме? Өзенге жақын аумақта тұрғын үй салу дұрыс па?» деген сұрақтардың жүргені анық. Жақында осы сауалдарға құрылыс саласының білікті маманы, мемлекеттік сарапшы, «Авангард проект инжиниринг» ЖШС-нің директоры Валерий Федянин жауап берді.
– Тұрғын үй Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Сол себептен өскемендіктер бұл аумақта салынған пәтерлердің сапасына күмәнмен қарайды. Алайда алаңдауға еш негіз жоқ. Мен мұны мемлекеттік сарапшы ретінде растай аламын, - дейді Валерий Федянин.
Мемлекеттік сарапшының мәлімдеуінше, алдағы уақытта бұл аумақта жер асты сулары көтеріліп, жұртты әбігерге салмайтын болады. Себебі «Ertis city» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің іргетасы мықты қаланған.
– Үйдің іргетасын қалау үшін арнайы плиталар қолданылды. Бұл өз кезегінде жер асты суларына төтеп беруге қауқарлы. Жалпы барлық ғимарат салынбас бұрын қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар нысанның орналасу аумағы да жіті тексеруден өтеді. Оны мемлекеттік сарапшылар қатаң қадағалайды, - дейді Валерий Федянин.
Жұрт көкейіндегі күмәнді сейілту үшін мемлекеттік сарапшы осы аумақта орналасқан тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үнемі арнайы құрылғылардың көмегімен жер асты суларының көлемі анықталып, алдын алу жұмыстары жүргізілетінін де атап өтті.
– Іргетасына келер болсақ, бұл үйлерге ешқандай тіреу-қада, яғни свай қағылмаған. Жердің қажетті тереңдігіне арнайы бетон плиталар жатқызылған. Бұл - су жағасына үй салудағы ең ұтымды инженерлік шешім. Плита түсетін салмақты біркелкі ұстап тұрады,-деп сөзін түйіндеді Валерий Федянин.