Үржарда 5 сағат бойы тоқтаусыз бата беретін қария бар
Тоқтаусыз төрт-бес сағат бойы бата беретін қарақолдық Зияда ақсақалдың жасы биыл тура 90-ға келді. Осы жерде туып-өскен батагөй қарияның батасын алам деушілердің легі бір сәт толастамайды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Әсіресе, дүйім жұрттың басы қосылатын Наурыз мерекесінде, той-томалақта Зияда Бекбаев атамыздан бата алушылардың саны арта түседі. Биыл Үржарда өткен «Ақ бата-Асыл мұра» атты батагөй ақсақалдар арасында сайысында да ол кісіге тең келер ешкім болмады. Үш турдан тұрған сайыс барысында батаның түрлері бойынша өзара сынасқан батагөй қарттар ел тәуелсіздігі жайлы, жас жұбайларға, шаңыраққа т.б. тақырыптар бойынша баталар беруден мүмкіндіктерін сынаған болатын. Таңғаларлығы, Зияда ақсақал жиылған қауым алдында берген батасын сирек қайталайды. Және жас жұбайларға, құда-кұдағиларға, жастарға, жолға аттанатын жолаушыға т.б. деп әр тақырыптарға бата береді.
Зияда Бекбаев ақсақалдың өмірлік серігі Бақтыбала апа бірер жыл бұрын дүние салған. Қария 6 ұл, 5 қызынан бірнеше немере, шөбере сүйіп отырған жан.