KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
492.22 529.38 5.03

Абай ауданында Ақтамберді жырауға ескерткіш қойылып, спорт кешені ашылды

10.09.2018, 11:05 124

Мұндай сыйды жерлестеріне қазақ күресінен əлемнің төрт дүркін чемпионы "Қазақстан барысы", "Əлем барысы", "Еуразия барысы" сынды жаһандық додалардың жеңімпазы Айбек Нұғымаров жасап отыр.



"Туған жер" бағдарламасы аясында ашылған спорт кешені 50-ден аса балаға шақталған. Мұнда балаларға күрес жəне жаттығу залдары қарастырылыпты. Кешен замануи боз кілем жəне спорттық құрылғылармен жарақталған.


- Спорт кешені салынғанына қуанышымызда шек жоқ. Іші үлкен, ыңғайлы. Біз де Айбек ағамыздай әлем чемпионы болғымыз келеді. Осындай қамқорлық көрсеткеніне алғысымызды білдіреміз. Енді тапжылмай жаттығатын боламыз, - деді жас палуан Ұлағат Абзал.


Сонымен бірге, Құндызды ауылында Ақтамберді Сарыұлына арналып бюст орнатылды. Тұғырын қоса алғанда 3, 70 метр болатын ескерткішті дарынды мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шыққан.


- Мүсінді дайындауға екі жарым ай жұмсалды. Металлопластик материалы қолданылды. Əйтсе де, батыр бабаның келбетін жасау адам ойлағандай оңай емес. Ауыз əдебиеті, батырлар жыры, сондай-ақ ұрпақтарын зерттеп, оның болмысын аша түстік. Енді халық өз бағасын бере жатар, - деп атап өтті Нұрбол Қалиев.



Ұлтының азаттығы үшін арпалысқан əйгілі жырау осы Құндыздыда жерленген екен.


Бұл жерде спорт нысаны мен баһадүр бабаның бюстіне 16 млн-нан аса қаражат жұмсалғанын айта кеткен орынды. Осылайша сақа палуан туған жерге туын тігіп, болашаққа инвестиция салды.


-Ақтамберді бабамыздың ұрпақтары, сондай-ақ, Дәулет Болатұлы ағамыз қолдады.

Абыройымыздың артуына, біріншіден, Алла себеп болса, екіншіден, осы жердің қасиеттілігі. Осы елдің тумасы екенімді үнемі мақтан етемін. Бұл ауылдан əлі талай чемпиондар шығатынына бек сенімдімін, - деп пікірімен бөлісті боз кілемнің хас шебері Айбек Нұғымаров.


Айбектің бастамасы кеше ғана туындаған емес. Осы сұрақ оны көптен бері мазалаған. Енді жас өрендер тарықпай, салуатты өмірмен емін-еркін айналыса алады.



Аудан əкімі Жарқынбек Байсабыров биыл "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша 75 млн теңгеге демеушілік көрсетілгенін айтып отыр.


"Бұл демеушілік ары қарай жалғаса бермек. Саржал ауылынан да тағы осындай спорт кешенін ашу көзделген", - деді Жарқынбек Байсабыров.


Атқамінерлер алдағы уақытта Құндызды ауылының өзге де əлеуметтік мəселелерін реттелетінін тілге тиек етті. Тұтастай жыл соңына дейін ауданда "Туған жер" бағдарламасының көмегімен тағы бірнеше жоба іске аспақ. Мерекеге орай ақшаңқан үйлер тігіліп, палуандар кіл мықтыны анықтады. Сол секілді атшабарда, жүйріктер бəйгеге түсті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив