KZ
Өскемен
+6°
туман Штиль
443.03 480.38 4.91

Өскеменнің ауасын улап жатқан зауыттар емес, трамвай рельстері екен

6.09.2017, 11:46 226

Өскемендегі экологиялық қауіпсіздік орталығының экологтары облыс орталығы ауасының ластануына трамвай рельстері өткелдерінің де зияны тиіп келе жатқанын айтады. Бұл мәселені шешу үшін мамандар қала әкіміне хат жолдап отыр.


Өскеменде трамвай рельстерінің үстінен кесіп өтетін автокөлік жолдары аз емес. Орталық экологтарының айтуынша осы өткелдердегі трамвай рельстерінің қырлары жол жабынынан бірнеше сантиметр жоғарыда жатыр. Сынып, мүжілген ескі рельстердің жолдан көтеріліп шығып жатуы, оның жан-жағындағы асфальттың ойдым-ойдым шұңқыр болып, қопарылып қалғаны көліктердің рельс үстімен әрі-бері еркін өтуіне өз кедергісін тигізіп жатыр.


-Қопарылып жатқан трамвай рельстері алдымен онсыз да экологиялық ахуалы нашар Өскеменнің ауасына зиянын тигізіп жатыр. Қолдан жасалған кедергіден құтылу үшін көлік жүргізушілері бұл рельстердің үстінен өткенде жылдамдықты нөлге дейін түсіруге мәжбүр. Жылдамдықты азайтқан кезде, өте төмен жылдамдықпен жүрген кезде көліктен адам ағзасына аса зиянды көміртегі, бензапирен, көмірқышқыл газдары айырықша көп бөлінеді. Бұлар қауіптілігі жағынан 1 класқа жатады. Бұл газдардың көп мөлшерде бөлінуінің нәтижесінде қаланың атмосфералық ауасындағы аталған заттардың компоненттері 3-4 есеге көбейіп, ауаны ластап жатыр. Осы деректер қаладағы РАИСПЭМ ауа құрамын өлшеу жүйесінің мәліметтерімен расталып отыр,-дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.


Орталық мамандары алаңдатып отырған жағдайды қалалық ТҮКШ бөліміне, қала әкімдігіне жазғанымен, олар рельстерді жөндеу «Өскемен трамвай паркі» ЖШС міндетінде деген жауап қайтарыпты. Ал, соңғы кездері жолаушыларын сарғайтып күттіртіп қойып, әзер-әзер жүріп жатқан трамвайлардың иелері рельстердің қырларын жолмен бір деңгейде етіп жауып, жан-жағындағы жолды жөндеп, тегістеу мемлекеттің, қала әкімдігінің міндеті деген уәж айтқан. Он жылдан астам уақыт шешімін таппаған түйткілді мәселені шешу үшін орталық басшылығы енді қала әкімінің өзіне хат жолдап, үміттеніп отырған жәйі бар.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив