KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.11 532.25 5.14

Өскеменде теңдесі жоқ жабық бассейн ашылды

11.05.2014, 18:00 185



Өскемен қаласында теңдесі жоқ жабық бассейн пайдалануға берілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік делегация мен Парламент депутаттары Өскеменде пайдалануға берілген тұңғыш заманауи стандарттарға сай жабық бассейннің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, мұндай бассейн ел аумағында саусақпен санарлықтай ғана екен. Бассейн суының ең таяз жері – 1,8 метр болса, ең терең тұсы 4 метрден асады. Сонымен қатар, мұнда жаттығу залдары мен киім ауыстыру бөлмелері, гардероб пен асхана да бар. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш нысан заманауи стандарттарға толығымен сәйкестендіріліп жасалыпты.

Өскеменде теңдесі жоқ жабық бассейн ашылды

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай мұндай бассейн бірінші кезекте елімізде, облысымызда олимпиадалық резерв дайындау үшін аса маңызды екенін тілге тиек етті.

– Бұл жерден халықаралық бәсекелерде топ жаратын саңлақтарымызды шығаруға ниеттіміз. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. Алдымен суда жүзудің қыр-сырын білетін мамандарды тартуымыз керек, – деген басқарма басшысы қазіргі кезде бұл бағытта тиісті шаруалар атқарылып, бірқатар отандық, тіпті, шетелдік жаттықтырушылармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Ол сонымен қатар, жаңа бассейнді күтіп ұстауға, таза сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етуге жылына 70 миллион теңге көлеміндегі қаражат жұмсалатынын атап өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, осындай типтегі өзге спорт нысандарының жылдық шығыны екі-үш есеге артық болады екен.

Өскеменде теңдесі жоқ жабық бассейн ашылды

– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының кем дегенде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажет екенін айтып келеді. Қазіргі кезде өскемендіктер Жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетикалық манеж, шағын футбол алаңдары сияқты бірқатар жаңа нысандардың қызығын көруде. Дәл осындай жұмыс өзге қалалар мен аудандарда да жүргізіліп келеді. Әрине, мұның бәрі «Қазцинк», «Қазақмыс» сияқты ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі арқасында мүмкін болуда десек қателеспеспіз. Дегенмен, елінің гүлденуі үшін қашан да қолдау көрсетуге әзір тұратын жомарт жерлестерімізді де ұмытпаған жөн. Облысымызда «Туған жерге – тағзым» акциясы қолға алынғалы бері, бес жыл ішінде шығысқазақстандық кәсіпкерлерден туған мекенін түлету мақсатына 23 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлінгенін ерекше атап өткім келеді. Ал осы соманың қомақты бөлігі ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзінің дәлелі ретінде дәл осы маңайда 200 орынға шақталған спорт интернатының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Өз сөзінде аймақ басшысы осындай заманауи бассейннің құрылысын кешіктірмей, межелеген мерзімде аяқтаған мердігер компания «Элхон» ЖШС-нің бастығы Ұлықбек Тұмашиновқа алғысын білдірді.
Ал салтанатты шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова облысымызда бой көтеріп жатқан спорттық нысандардың көптігіне көңілі толатынын жеткізді.

– Еліміздің Шығысынан шыққан спорт саңлақтары аз емес екенін білетінбіз. Енді осындай зәулім кешендер салынғаннан кейін олардың саны еселеп артатынына сенімім мол. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы бұқаралық спортты дамыту жағынан еліміз бойынша алдыңғы қатарда келетінін айтқым келеді. Болашақ чемпиондар даярлап шығаруға мүмкіндік беретін осындай кешендерді салуға атсалысқан азаматтарға үлкен алғысымды айтқым келеді, – деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Премьер-Министрдің орынбасары бастаған ресми делегация жаңа нысанның ішін аралап көріп, жас суда жүзушілердің сайыстарын тамашалады.

Нұржан Кенжеұлы,
суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив