KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.11 532.25 5.14

Облыс басшысы Өскеменде бой көтеретін заманауи жабық бассейннің іргетасына капсула қойды

7.04.2013, 18:00 177


Облыс әкімі Бердібек Сапапрбаев Сәтпаев даңғылы бойында салынатын заманауи стандарттарға сай жабық бассейннің іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жоба бойынша бұл спорт ғимараты 5 блогқа бөлінеді екен. Ал ең негізгі блогында ұзындығы 50, ені 21 метрді құрайтын бассейн болмақ. Бұл залда 720 адамға арналған мінберлер де орын тебеді. Бассейн суының ең таяз жері – 1,8 метр болса, ең терең тұсы 4,12 метрге жетеді. Сонымен қатар, мұнда жаттығу залдары мен киім ауыстыру бөлмелері, гардероб және асхана да болмақ. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш нысан заманауи стандарттарға толығымен сәйкестендіріліп жасалмақ.

– Соңғы жылдары ЖМК ауданы күн санап көркейіп келеді. Ал ең бастысы, мұнда әлеуметтік маңызға ие нысандар бой көтеруде. Мысалы, дәл осы жерде қазақ драма театрының, жекпе-жек сарайы мен жеңіл атлетика манежінің қабырғалары көтеріліп келеді. Сол сияқты құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген екі балабақша мен екі мектептің, хоккей модулінің жергілікті халық үшін аса маңызды нысандар болғаны рас. Бүгінгі шара да – тарихи маңызға ие ерекше рәсім. Өйткені, мұндай заманауи бассейн біздің қалада бұрын-соңды болып көрмеген. Ел игілігіне берілетін мұндай спорт нысанының салынуына «Қазцинк» ЖШС-нің қосқан үлесі зор. Осындай бассейн салу арқылы біз қала халқының салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына жағдай жасаймыз. Мұнда тіптен, халықаралық жарыстар да өткізуге болады. Сондықтан, барлығыңызды осынау игі шараның қолға алынуымен құттықтаймын, – деді салтанатты рәсімге жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі.

Аймақ басшысы құрылысты жүргізетін «Элхон» ЖШС-нің жұмысына сәттілік тілеп, оларға жыл соңына дейін бассейнді қолданысқа беруге тапсырма берді.
Нұржан Кенжеұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив